Қызылордада жат ағымның жетегінде кеткен азамат сотталды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылордада деструктивті діни ағым ұстанушы 8 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Өткен жылы Қызылорда қаласы, Қыдыров көшесінде орналасқан үйде бір азаматтың зорлық-зомбылықтың белгілері бар мәйіті табылған.
Қызылорда облысының Полиция департаменті қызметкерлерімен жүргізілген кешенді жедел-іздестіру іс-шаралары барысында, аталған қылмыс бойынша күдікті ретінде облыс орталығының 37 жастағы тұрғыны ұсталып қамауға алынған.
«Ұсталған азаматтың жеке басын анықтау барысында, оның деструктивті діни ағым ұстанушысы екендігі анықталды. Осы дерек бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 106-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында, айыпталушы азаматтың аталған қылмысқа тікелей қатысы бар екендігі анықталып, қылмыстық іс-әрекеті толық әшкерленді», - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта айыпталушы азамат Қызылорда қалалық №2 сотының үкімімен кінәлі деп танылып, оған 8 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үкім күшіне енді.