Белгіленбеген аймақта суға түскендерге айыппұл салынады
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Суға түсу маусымы басталғаннан бері сақтық шараларын сақтамай, қайғылы жағдайға ұшырап жатқандар аз емес. Облыстағы су айдындарында, әсіресе Сырдария өзенінде азаматтардың әртүрлі себептермен қайғылы жағдайға ұшырауы, оның ішінде суға шомылу маусымында судағы адам қазасы өзекті мәселеге айналды.

«Биылғы 2019 жылдың басынан 5 тамызға дейін облыс аумағындағы су айдындарында 29 адам қаза болған. Оның 12-і бала. Қызылорда облысының аумағындағы су айдындарында қауіпті учаскелердің саны 64, сол жерлерде 163 ескерту тақтайшалары орнатылған және судағы қауіпсіздік бойынша 60 билборд орнатылды»,-дейді Саид Молдақараев.
Аталған деректерде анықталғандай, 12 адам балық аулау кезінде, 20 адам суға түсуге арналмаған жерде батып, 4 адам абайсыз жағдайда, 2 адам белгісіз жағдайда суда қалқып кеткен.
Айта кету керек, белгіленбеген жерде суға түскен азаматтар «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі №235 кодексінің 364-бабына сәйкес бірнеше айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді.
