"Протон-М" зымыран тасығышы Байқоңырдан ұшырылды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Әскери спутник тіркелген "Протон-М" зымыран тасығышы Байқоңырдан ұшырылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
6 тамыз күні Мәскеу уақытымен 00.56-да "Протон-М" зымыран тасығышы Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылған.
"Байқоңыр ғарыш айлағынан (Қазақстан Республикасы) Ресей қорғаныс министрлігінің ғарыш аппараты тіркелген "Протон-М" зымыран тасығышы сәтті ұшырылды", - делінген министрліктің хабарламасында.
"Бриз-М" жылдамдық блогы мен спутник орнатылған зымыранның бас жағы үшінші сатыдан сәтті бөлініп шықты. Министрлік атап өткендей, жылдамдық блогы спутникті бірнеше сағатта есептік орбитаға шығарады.
Бұған дейін штаб басшысы, Ресейдің Әуе-ғарыштық күштері ғарыш әскерлері қолбасшысының орынбасары Игорь Морозов "Эхо Москвы" радиосының эфирінде айтқандай, Ресейдің әскери спутнигі Байқоңыр ғарыш айлағынан соңғы рет 2019 жылы ұшырылады, содан соң Ресей қорғаныс министрлігінің барлық ғарыш аппаратын ұшыру Архангельск облысындағы Плесецк ғарыш айлағында жүзеге асырылмақ.