Қазақстанда ақша айырбастау қиындай түседі
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Валюта айырбастау пунктерінің жұмыс уақыты шектеледі. Сондай-ақ, бұл операцияны жасау үшін құжат көрсету керек болады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Валюта айырбастау пунктері сағат 10-нан 19:00-ге дейін жұмыс істейтін болады. Ұлттық банк осындай өзгеріс енгізуді көздеп отыр.
"ҚР қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы" Ұлттық банк басқармасының қаулысының жобасына жарияланды.
"Айырбастау пунктінің жұмыс режимін қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын жүзеге асыруға құқығы бар заңды тұлға белгілейді. Пункт 10:00-ден 19:00-ге дейінгі шекте жұмыс істеуі керек", - деп жазылған қаулы жобасының 33-2 тармағында.
Әрбір айырбастау операциясы бойынша тізілімдер журналы жүргізіледі. Құжаттың 51-тармағында сол журналда қандай мәлімет жазылатыны көрсетілген. Олар: клиенттің аты-жөні, жеке басын куәландыратын құжаттың түрі, берілген күні, нөмірі, қолданылу мерзімі.
Құжат 2019 жылдың 16 тамызына дейін "Ашық НҚА" порталында талқыланады.