Қызылорданың тартуы: Депутаттар Түркістандағы моншаның құрылысымен танысты (ФОТО)
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Түркістан тек қазақ халқының ғана емес, күллі түркі жұртының қасиетті мекені. Түркістан - сан ғасырлық адамзат шежіресінің куәгері және өркениет жауһары. Қазіргі таңда 1500 жылдан аса тарихы бар көне қаланың жаңа келбетіне сән берер әсем ғимараттар бой көтеруде. Солардың бірі шығыс үлгісіндегі монша құрылысы.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, бұл монша Қызылорда облысының атынан Түркістанға тарту болмақ.
Бұл тарихи қаланың келбетіне көрік беретін шығыс моншасы – тарихи сәулет үлгісінде салынады. Құрылыстың мердігері «Бақ-Береке» ЖШС.
Аталған серіктестіктің бас директоры, құрылысшы-депутат Қайрат Ерназаровты қолдау мақсатында қалалық мәслихат хатшысы Роза Боханова бастаған бір топ депутаттар Түркістан қаласында болып қайтты. Олар құрылыс басында болып, моншаның құрылыс жұмыстарымен танысты.
Шығыс үлгісіндегі монша ғимаратының аумағы 3000 шаршы метрден асады. Құрылыс жұмыстарын ағымдағы жылдың қыркүйек айында аяқтау жоспарланған.