Қармақшы ауданында атаулы әлеуметтік көмекке барлығы 1058,4 млн теңге бөлінді
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қармақшы ауданы бойынша биыл мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке барлығы 1058,4 млн теңге қаржы қаралған. Бұл қаражаттың 940,6 млн теңгесі республикалық бюджеттен болса, оның ішінде республикалық бюджетті нақтылау барысында 842,6 млн теңге, жергілікті бюджеттен 117,8 млн теңге, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 444 млн теңге қаржы бөлінген.
Жалпы атаулы әлеуметтік көмекке жыл басынан 1502,4 млн теңге қаржы қаралып, барлығы 835,2 мың теңге азаматтарға аударылған. Яғни, 1 шілдеден бастап 2 347 отбасының 11 973 мүшесіне 835198,1 мың теңге көлемінде қаржы төленген.
Осы орайда аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің бөлімі басшысының орынбасары Жанар Ниматулла жұмыссыздық деңгейі бойынша соңғы үш жылда оң динамика байқалатынын айтуда.
«2016 жылы жалпы жұмыссыздық деңгейі 5,2 процентті құраса, 2017 жылы 5,1 процентті, өткен жылдың қорытындысымен 5,0 процентті құрады. Ал биыл аудан бойынша есепте тұрған жұмыссыз азаматтардың саны – 830 адам. Бұл – 3,3 процентті құрайды. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 0,4 процентке төмендеді. Сондай-ақ, биылғы жоспар бойынша 288 адамды бірыңғай жиынтық төлем төлету арқылы өзектендіру қажет болса, бүгінде 169 адам бірыңғай жиынтық төлем төледі. Бұл жоспардың 58,7 процентін құрап отыр, – дейді Жанар Ниматулла.
Сонымен қатар ауданда жаппай кәсіпкерлікті дамыту ісі де қарқынды дамып келеді. Мәселен, биыл «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының І бағыты қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бойынша 160 адамды оқумен қамту межеленген. 80 жұмыссыз азамат екі мамандық бойынша, «Бу қазандығының операторы», «Электрогазбен дәнекерлеушіге» оқыту жоспарлануда. Бүгінде 28-і «Бу қазандығының операторы» оқуына жолданған.
Бағдарламаның ІІ бағыты «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 110 адамға кәсіпкерлік негіздерін оқыту межеленсе, І және ІІ кезеңі бойынша 123 адам оқу курсымен қамтылған. Ал ІІІ бағыты бойынша жастар тәжірибесіне жолданған 182 адамның 63-і жұмысын аяқтап, оның 20-сы тұрақты жұмыспен қамтылған.
Сондай-ақ жыл басынан бастап аудандық пробация қызметінің есебіндегі тұрған 17 азамат жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркеліп, оның 4-еуі қоғамдық жұмысқа, 8-і тұрақты жұмысқа жіберілген.
Аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің сектор меңгерушісі Ербол Біләловтың айтуынша, аудан әкімдігінің қаулысымен пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды жұмысқа орналастыру үшін бір процент мөлшерінде жұмыс орындарына квота белгіленген.
«Квота бойынша пробация есебіндегі 6 азаматты жұмысқа орналастыру межеленіп отыр. Жыл аяғына дейін белгіленген квоталарды толығымен орындауға жұмыс істеледі, – дейді Ербол Біләлов.