Қызылорда облысында биыл қанша оқушы мектепке барады?
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Облыс бойынша алдағы жаңа 2019-2020 оқу жылында 293 мектепте 164 500 оқушы білім алады деп күтілуде. Оның ішінде, 1 сыныпқа 21 600 оқушы барады деп жоспарлануда. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жаңа оқу жылына дайындық барысы туралы облыс әкімдігінің аппараттық мәжілісінде облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова баяндады.
"Үстіміздегі жылдың 1 маусымнан бастап 1 класқа қабылдау процесі автоматтандырылған жүйеге қосылды. Қазіргі таңда 1 сыныпқа қабылданатын балалардың мөлтекаудандар бойынша мектептерге орналастыру картасы дайын. Облыс бойынша алдағы жаңа 2019-2020 оқу жылында 293 мектепте 164 500 оқушы білім алады деп күтілуде. Оның ішінде, 1 класқа 21 600 оқушы келеді деп жоспарлануда. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2200 оқушыға артық. Жаңартылған білім беру мазмұнына көшетін 4, 9, 10 сыныптарда білім алатын 36 920 оқушыны 684 мың дана оқулықтармен қамту үшін қажетті қаражат бөлінді. Бүгінгі күнге 15 баспамен келісім шарт жасалды. Оқулықтарды тасымалдау қызметі бойынша жеңімпаздары анықталды. Оқулықтар 25 тамызға дейін мектепке жеткізіледі", - деді М.Мелдебекова.
Қазіргі таңда Қызылорда қаласында 600 орындық мектептің құрылысы жүргізілуде, оны қазан айында тапсыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, 1450 орындық 3 жекеменшік мектептің құрылысы қыркүйек айында аяқталады деп күтілуде.
"Ауыл ел бесігі" бағдарламасы аясында Қармақшы ауданындағы №27, 30 және Жалағаш ауданындағы №201 мектептерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, №288 мектепті ағымдағы жөндеуге қаражат бөлінді. Бүгінгі күнге жөндеу жұмыстарының 70% орындалды, 20 тамызға дейін толығымен аяқталады.