Облыс әкімі Талдысу лагерінің жұмысымен танысты
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов аудандардағы іссапары аясында Жаңақорған ауданындағы Талдысу лагерінің жұмысымен танысып, балалармен кездесті.
Бүгінде облыстық олимпиадалар және қосымша білім беру орталығында 320 бала демалуда. Өткен аптада Арыс қаласынан келген 150 бала лагерьге тегін жолдама алды. Аймақ басшысы лагерьге қабылданған балалардың жағдайын біліп, арыстық балаларға сыйлық ұсынды.
Қазіргі кезде лагерьде оқушылар сарайы, көрме залы, кітапхана, оқу залы, «Ұлттық мәдени тәрбие орталығы, ойын алаңдары жұмыс істейді. Мұнан өзге балалар футбол, волейбол алаңында спорттық ойындар ойнай алады.
Жазғы каникул уақытын тиімді өткізуге келген оқушының бірі Олжас Әбдуәлі де табиғат аясындағы демалысты қызықты өткізіп жатқанын жеткізді.
- Менің лагерьге келгеніме бір аптадан асты. Мұнда өте қызықты. Жаңадан достар тауып, түрлі ойын ойнап, қызық күндер өткізудеміз. Алаңсыз ойын ойнап, көңілді кештер ұйымдастырып жатырмыз,-дейді Олжас Әбдуәлі.
Айта кету керек, бүгінде Қызылорда облысында 9 сауықтыру орталықтары мен демалыс лагерьлері жұмыс істейді.