Ержан Әбдірахмановты әріптестері жаңа қызметке шығарып салды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы әкімінің кеңесшісі қызметін атқарған Ержан Әбдірахманов басқа қызметке ауысты. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов Ержан Әбдірахмановқа Сыр елінің рухани жаңғыруына сүбелі үлес қосып, жергілікті атқарушы органдардағы жемісті еңбегі үшін алғыс білдірді.
"Өздеріңізге белгілі, Ержан Ахметұлы аймағымызда 4 жылдан астам уақыт облыстық мәдениет басқармасын абыроймен басқарды. Өзін республикалық және облыстық деңгейдегі түрлі мәдени-көпшілік шаралардың шебер ұйымдастырушысы әрі білікті музыка маманы ретінде танытты. Ол облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік кеңестің мүшесі ретінде археологиялық зерттеу жұмыстары бойынша Далалық комиссия жұмысына жетекшілік етті. Сыр бойындағы орта ғасырлық қалалар мен Сауысқандық шатқалындағы таңбаларды ЮНЕСКО тізіміне енгізу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізді. Сыр өңірінде Түркі тілдес халықтардың «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» дәстүрлі халықаралық музыкалық өнер фестивалін жоғары деңгейде ұйымдастырып, туыс мемлекеттердің алғысын алды", - деді аймақ басшысы.
Қуанышбек Досмайылұлы Е.Әбдірахмановтың жаңа қызметіне табыс тілеп, Сыр өңірінің рухани және мәдени дамуына қосқан үлесі үшін облыс әкімінің алғыс хатын табыстады.
Өз кезегінде, Е.Әбдірахманов облыс әкіміне және барлық әріптестеріне бірігіп атқарған жұмыстары үшін ризашылығын білдірді.