Жалағаш ауданында жастар лагері жұмысын бастады (ФОТО)
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Жалағашта аудан жастарының қатысуымен еңбек лагері басталды.
«Жастар жылы» аясында Мәдениет ауылдық округіндегі «Тюрешова» шаруа қожалығында ұйымдастырылған еңбек лагеріне 25-ке жуық еріктілер, түрлі сала қызметкерлері, белсенді жастар қатысуда. Еңбек лагерінің алғашқы күнінде жастар шаруашылық жұмыстарымен танысып, алау жанында аудан бойынша жастар саясатының жүзеге асырылуы туралы пікір алмасып, ой бөлісті.
Ал екінші күні жастар ертелетіп шаруашылық жұмыстарымен, оның ішінде ер балалар шөп ору, шөп жинау, ат ерттеу, қора тазалау, отын шабу жұмыстарымен айналысса, қыздар жағы сиыр сауып, табаға нан пісіріп, ошаққа ас әзірлеп, қамыр жайып, күбіге айран пісірді.
Сондай-ақ, лагердің екінші күні аудан әкімінің орынбасары Жағыпар Тажмаханов еңбек лагеріндегі жастармен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, бастамаларына қолдау білдіретіндігін жеткізді.
Еңбек лагерінің басты мақсаты – белсенді жастарды еңбекке, кәсіпкерлікке, елжандылыққа баулуға, туған жерге деген патриотизмді нығайта отырып, болашақ жас мамандарды ауылға жұмысқа шақыруға бағытталды. Еңбек – тынығу лагерінің ауқымы алдағы уақытта кеңейе түспек.
Айта кету керек, Жалағаш ауданында 14 пен 29 жас аралығында 8865 жас тіркелген. Бұл көрсеткіш жалпы халық санының 24,7 пайызын құрайды.