Қызылордада қызметтік автокөліктерді жеке мақсатта пайдалану фактілерін WhatsApp арқылы жолдай алады
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылордада қызметтік автокөліктерді жұмыс бабынан тыс пайдалану фактілеріне куә болсаңыз WhatsApp арқылы құзырлы органға хабарлауға болады.
Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Берікбол Байхожаев брифингте мәлімдеді.
Қызметтік автокөліктердің мақсатты пайдаланылуына мониторинг жүргізу үшін департамент WhatsApp мессенджерінде аккаунт (+77057872626) ашқан. Тұрғындар қызметтік автокөліктерді жұмыс бабынан тыс пайдалану деректерін видеоға немесе суретке түсіріп департаментке жолдай алады.
«Әдеп кодексінің талаптарына сәйкес мемлекеттік қызметшілер өзіне сеніп тапсырылған мемлекеттік меншікті, оның ішінде автокөлік құралдарын ұтымды, тиімді және тек қызметтік мақсатта ғана пайдалануы тиіс. Сондай-ақ, кез-келген азаматтың WhatsApp арқылы мемлекеттік ұйымдарға тиесілі автокөліктің жеке мақсатта пайдаланылғаны туралы фактілерді дәлелдерімен бірге жолдау мүмкіндігі бар», - дейді департамент басшысының орынбасары Б.Байхожаев.
Айта кету керек, жыл басынан бері қызметтік автокөлікті қызметтік мақсаттан тыс пайдаланған 2 мемлекеттік органның басшысына Әдеп жөніндегі кеңес шешімімен тәртіптік жаза қолданылған.