Жаңақорған ауданында әлеуметтік нысандар ашылды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов Жаңақорған ауданына жұмыс сапарымен барып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысты. Бірнеше елдімекеннің тұрғындарымен кездесіп, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған емдеу мекемелерінің ашылу рәсіміне қатысты. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Алдымен аймақ басшысы «Батыс Қытай – Батыс Европа» автожолының бойында салынып жатқан жолбойы қызмет көрсету кешенінің құрылысымен танысты. Нысанда 300 орындық мейрамхана, 150 орындық қоғамдық тамақтану орны, мотель, кемпинг, сауда-ойын-сауық аймағы, медициналық жәрдем орны, автокөліктерге техникалық қызмет көрсету станциясы, жанар-жағар май құю бекеті, бөлшек сауда және автокөлік жуу орны қарастырылған.
Содан соң «СКЗ-U» ЖШС күкірт қышқылын шығару зауытына барып, жұмысшыларымен кездесті. 2013 жылы қуаттылығы 420 кВт/сағат күн электр станциясы іске қосылып, зауытты электр қуатымен толықтай қамтамасыз етуде. Кәсіпорында жылына 500 мың тонна, күніне 1,5 мың тонна өнім шығарылады, мұнда 285 адам жұмыспен қамтылған.
Облыс әкімі Жаңақорған кентінде дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешеніне барды. Кешенде күрестің бірнеше түрі, таеквондо, ауыр атлетика, шахмат тағы басқа 7 секцияға 300 жуық бала қатысуда. Балалармен 7 жаттықтырушы жұмыс істейді.
Жұмыс сапары аясында табиғи уранды жерасты ұңғылап шаю әдісі арқылы жылына 1000 тонна өнім өндіретін, 500 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған «Байкен-U» ЖШС кәсіпорнын аралап көрді.
Сонымен қатар, аймақ басшысы «Жаңарық-Келінтөбе» бағытындағы автожолдың жай-күйімен танысты. Айта кетейік, Жаңақорған ауданындағы облыстық маңызы бар «Самара-Шымкент-Жаңақорған-Түгіскен-Келінтөбе» автомобиль жолының 8,7 км-де Жаңарық ауылдық округінің тұсында орналасқан апаттық жағдайдағы көпірді күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған.
Қуанышбек Досмайылұлы Өзгент елдімекеніндегі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған дәрігерлік амбулаторияның салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Нысан дәрігерлік қабылдау бөлімі, лаборатория, егу бөлмесі, әйелдерге кеңес беру, ерлерді қарау бөлмесі қызметтерімен қамтылған.
"Қандай да бір елдімекенде әлеуметтік нысанның ашылуы тұрғындар үшін мереке іспетті. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы салынған бұл нысан - мемлекеттің басты құндылығы - халық денсаулығын жақсартуға жасалған қамқорлық. Бүгінгі ашылған дәрігерлік амбулатория сіздердің игіліктеріңізге қызмет жасайды. Бұл ғимарат біріншіден тұрғындардың денсаулығын жақсартуға ықпал етсе, екіншіден жергілікті халықтың белгілі бір бөлігін жұмыспен қамтиды, сондай-ақ, экономикалық ахуалға әсер етеді. Енді алдағы уақытта Жаңақорған ауданы бойынша 6 амбулаториялық орталық салынады деп жоспарланып отыр",-деді аймақ басшысы.
Айта кетейік, бүгін Ақүйік елдімекенінде де мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша бой көтерген дәрігерлік амбулаторияның ашылуы рәсімі өтті.
Бұдан әрі аймақ басшысы облыстық олимпиадалар және қосымша білім беру орталығында болды. Қазіргі таңда Арыс қаласынан 150 бала Қызылорда облыстық білім басқармасының "Облыстық олимпиадалар мен қосымша білім беру орталығында" тегін демалып жатыр. Балалар үшін психологиялық тренингтер, тауға экскурсиялар, түрлі үйірмелер ұйымдастырылуда.
Облыс әкімі «Шалқия-Цинк ЛТД» АҚ кәсіпорнында болды. Мұнда 450 жуық адам жұмыспен қамтылған. Кен байыту комбинатының өнімдерін гидрометаллургиялық әдіспен өңдеп, металды мырыш пен құрамында қорғасын, мыс, күміс және басқа да сирек кездесетін металдары бар қорғасын кегін алу жоспарлануда. Ол үшін кен байыту комбинатының жанынан металлургиялық зауыт салынатын болады.
Қуанышбек Досмайылұлы Жайылма елдімекенінде №195 мектеп-лицейіне барып, онда ауданның жаңа оқу жылына және жылу беру маусымына дайындығы мәселелері қаралды. Аймақ басшысы жауапты мамандарға дайындық жұмыстарына мән беріп, дер кезінде тиісті шараларды атқаруды тапсырды.
Жұмыс сапары Сығанақ тарихи қалашығын реставрациялау жұмыстарымен танысумен қорытындыланды. Естеріңізге салайық, қалашыққа Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ғалымдары 2003 жылдан бастап археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіліп келеді. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде қаланың шығыс қақпасының алдынан ғалым, ислам дінінің көрнекті өкілі Хиссамидин (XIV ғ) салғызған мешіт-медресесі табылып, топырақтан тазартылып, қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген.
24-27 маусым аралығында Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов жұмыс сапарымен Арал, Қазалы, Қармақшы және Жалағаш аудандарында болса, кеше Шиелі ауданына барып, өндірістік және әлеуметтік нысандарының жұмысымен танысып, жергілікті тұрғындармен кездескен болатын.