Шиелі ауданында күн электр станцияның құрылысы басталды (ФОТО)
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов Шиелі ауданына жұмыс сапары барысында бірнеше елдімекеннің әлеуметтік және өнеркәсіптік нысандарының жұмысымен танысып, аудан тұрғындарымен кездесті, сондай-ақ "Байқоңыр Солар" ЖШС электр станциясы құрылысының іргетасын қалау рәсіміне қатысты. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Алдымен аймақ басшысы Шиелі ауданының Сұлутөбе ауылдық округінде күніне 50 мВт күн электр қуатын өндіретін станцияның іргетасын қалау рәсіміне қатысты. Аталмыш станция көрші аудандар мен облыс орталығын электр қуатымен қамтамасыз етеді, сондай-ақ ауадағы көмірқышқыл газының жылдық шығарылуын 75 мың тоннаға азайтып, инвестиция тартуға мүмкіндік береді.
«Мемлекеттік қолдау арқылы жүзеге асырылып жатқан жобаға біз де көмек беріп, әрі қарай ауқымын кеңейтуге, дамытуға дайынбыз. Алдағы уақытта әлеуметтік көмек есебінде күн электр станциясы жақын орналасқан елдімекен тұрғындарына жеңілдіктер көрсетілу жағын қарастырған жөн»,-деді Қ.Ысқақов.
Бұл жобаны "Қазына Капитал менеджмент" АҚ және "Юнайтед Грин Британдық холдингі" қаржыландырады, іске қосылғаннан кейін 23 адам жұмыспен қамтылатын болады.
Содан соң өңір басшысы Тартоғай елдімекеніндегі 2016 жылғы тамызда пайдалануға берілген жеке кәсіпкер Н.Ө.Серікбайдың наубайханасында болды. Шағын наубайхана күніне 250-300 бөлке нан, 150 тоқаш, 100 самса және 100 шелпек шығарып, Тартоғай, Майлытоғай, Ботабай елдімекендерін және ЗК-169/4 мекемесін нан өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр.
Одан әрі облыс әкімі осы елдімекендегі ауылдық клубтың жұмысымен танысты. 150 орындық клуб үйінде ән, би, сурет, тоғызқұмалақ және шахмат үйірмелері жұмыс істейді.
Аймақ басшысы Балаби елдімекеніндегі №50 орта мектепке барып, ауданның жаңа оқу жылына дайындығы мәселелерін қарады. Сондай-ақ, Бәйгеқұм ауылдық округінде орналасқан 150 орындық клубтың жұмыстарымен танысты.
Сонымен қатар, Қуанышбек Досмайылұлы Жөлек елдімекеніндегі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған дәрігерлік-амбулаториялық емхананың ашылу салтанатына қатысты. Емдеу мекемесінде күндізгі стационар, акушерка, химазатор, ине шаншу, егу бөлмелері бар.
«Өздеріңіз білесіздер, мемлекет тарапынан әлеуметтік саланы қолдау үшін көптеген жұмыстар жасалып жатыр. Облыстық бюджеттің жартысынан көбі әлеуметтік салаға жұмсалуда. Өткен жылы облыста 5 аурухана, 9 медициналық амбулатория салынған. Биылдың өзінде елдімекендерде 9 емдеу мекемесі бой көтерген. Осының барлығы - мемлекет тарапынан еліміздің еңбасты байлығы адам және оның денсаулығына жасалған жағдай деп білеміз. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметкерлердің айлығы 1 маусымнан бастап 30 пайызға көбейді. Облыс әкімдігі тарапынан да әрі қарай тиісті қолдау көрсетілетін болады»,-деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі ауданға жұмыс сапары аясында тұрғындардың дене шынықтыруына жағдай жасау үшін ашылған Алғабас ауылындағы спорттық сауықтыру кешенінде болды. Мұнда шағын футбол, воллейбол, күрес, бокс және жаттығу залдары бар.
Одан кейін Шиелі кентіндегі құбыр зауытына барды, нысанның жалпы алаңы - 30 га, қуаттылығы жылына 1 млн.600 мың құбырға тең. Кәсіпорында 104 адам жұмыспен қамтылған. Төмен қысымдағы полиэтилен (ПНД) құбырлары, поливенилхлорит (ПВХ) құбырлары, газ құбырлары, технологиялық құбырлар және т.б. өнімдері Қазақстанның ішкі нарығына шығарылады.
Өңір басшысы Шиелі кентіндегі «Думан – Шиелі» ЖШС-нің арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында болды. Жасына байланысты өзіне қызмет көрсетуге мүмкіндігі жоқ егде адамдарға және тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедек балаларға арналған орталықта 54 қызметкер жұмыс істейді.
Әрі қарай аймақ басшысы «Бастау» сауықтыру кешеніне, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ға қарасты №6 кен басқармасына (мұнда 402 адам жұмыспен қамтылған), жеке кәсіпкер Б.Әшірбековтің күріш ақтау және құрама жем зауытына барды (жалпы алаңы – 4 га, өндірістік қуаты - қазіргі таңда зауыт тәулігіне 86 тонна күрішті ақтайды және 28 тонна күріш жармасын шығарады).
Келесі нысан - «Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС цемент зауыты жылына 1 млн. тонна цемент өндіреді. Сыртқы нарыққа – 30%, ішкі нарыққа – 70% өнім шығарылады. Айта кетейік, кәсіпорынға индустриялық аймақтан 52 га жер учаскесі берілген. 2017 жылы 22 желтоқсанда ҚР Индустриялық инновациялық даму министрлігінен преференция алуға инвестициялық келісімшартқа, әктас шығаруға келісімшартқа қол қойылған.
Содан соң Қ.Ысқақов «Ару Ана» түйе сүтін өңдеу цехының жұмысымен танысты. Бұл цех күніне 400 л шұбат өндіреді. Өнім көрші аудандарға, Алматы, Ақтөбе, Қызылорда қалаларына тасымалданады.
Сондай-ақ, бүгін құрылысы 2018 жылы басталған Н.Бекежанов елдімекеніндегі дәрігерлік амбулаторияның ашылу рәсімі өтті. Дәрігерлік-амбулаториялық емхана 18 бөлмеден, күндізгі стационар бөлімі 5 орындық, балаларға арналған, акушерка, химазатор, ине шаншу, егу бөлмелерінен тұрады.
Аймақ басшысы барған тағы бір нысан - «Асылхан» шаруа қожалығының сүт және сүт өнімдерін өндіру цехы. Нысанның жалпы алаңы – 3,8 га, өндірістік қуаттылығы – тәулігіне 1 тоннаға тең келеді.
Қуанышбек Ысқақов бірнеше елдімекеннің тұрғындарымен кездесіп, жергілікті халықтың тыныс-тіршілігімен танысты. Сондай-ақ, барлық деңгейдегі әкімдерге тұрғындардың жұмыссыздық мәселесін шешу керектігін қатаң тапсырды.