Абайды толық таныдық па?
«Рухани жаңғыру» науқандық жұмыс емес екені белгілі. Халықтың рухани болмысын жаңғырту – бір ұрпақ, мүмкін одан да көп уақытты керек қылатын ұзақ эволюциялық құбылыс. Елбасы Н.Назарбаевтың 2018 жылғы қарашада жарияланған «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында «Осыдан бір жарым жыл бұрын менің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақалам жарыққа шықты. Жоғарыда аталған жобаларды «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы ретінде қарастырамын» деген сөзі де осыны білдіргендей, еліміздегі рухани жаңғыру мәселесі жаңа қарқынмен әрі қарай іске аса беруі керек екенін көрсетеді. Мақалада Абай тәрізді ұлы тұлғалардың рухани мұрасын пайдалану мәселесі көтерілген.
Өкінішке қарай, Абайды тану, оның ұлы мұрасын қоғамда пайдалану мәселесі бүгінгі күндері өз дәрежесінде емес. «Абай мұрасын зерттеу ісі дағдарыста» деген ойды абайтанушы ғалымдардан да жиі еститін болдық. Абай қазақ халқының рухани тірегінің бірі. Абайсыз, оның мұрасынсыз еліміздің рухани жаңғыруы мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес. Ендеше, Елбасы нұсқауын орындап, ұлы ойшыл мұрасын игеруді неге дағдарысқа ұшыратпай, кеңінен зерттеп насихаттамаймыз? Бұл дағдарыстың себебі неде? Мәселені неге ғалымдар талқыға салып, ойшыл мұрасын көпшілік игілігіне айналдыруға көңіл бөлмей отыр?
Бұлар әркімді де толғандыратын сұрақтар. Бүгінгі рухани жаңғыру заманында бұл сұрақтардың жауабын іздеу және Абай мұрасын зерттеу ісін дұрыс жолға қою өзекті мәселе екені дау тудырмайды. Рухани жаңғыру адамның жас шағынан, яғни мектеп қабырғасынан басталуы керек. Олай болса, абайтануды мектеп табалдырығынан бастап толық енгізіп, жас ұрпақты Абай ілімі аясында тәрбиелеу абзал.
Мен өзім Абайдың ойшылдығын жоғары бағалап, оның терең сырлы сөздерін үнемі көңіліммен қабылдап, ой-өрісімнен өткізуге ұмтыламын. Сондықтан абайтану мәселесіне көп назар аударып, барлық өзгеріс, жетістіктерді қадағалап жүремін. Байқауымша, еліміз егеменді болып, саяси және рухани тұсаудан арылған соң абайтану кеңінен зерттеліп, оған ¬деген жаңа көзқарас қалыптаса бастады. Көпшілік қауымға арналған еңбектер жазылып, Абайтану пәні мектепке де енгізілді.
Тіпті 1998 жылы Досым Омаровтың «Абайтану курсы» атты арнайы оқу құралы да дайындалған. Бұл кітапты мен жақсы білуші едім. Себебі Абай мұрасына терең үңіліп, жаңа көзқараспен зерделеген еңбек еді. Сол себептен оған ерекше тоқтала кетейін. Оқу құралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Философия және саясаттану институты мен Ы.Алтынсарин атындағы ғылыми-зерттеу педагогикалық институты ғылыми кеңесінде талқыланып, бекітілген. -Алматыда бір жыл бойы арнайы мектеп-интернатта тексерістен (апробациядан) өткен. Әуелі «Абайтану курсы» («Рауан», 1998 ж.) деп аталып, сонан соң өңделіп, түзетілген соң 2-басылымы «Абайтану: немесе ұлы ойшылдың рухани кемелдену туралы ілімі» («Мектеп», 2002 ж. 10-11 сыныптарға арналған оқу құралы. – Алматы: – 216 б.) болып аталды.
Өзінің атауы көрсетіп тұрғандай, бұл кітап – Абай мұрасы арқылы рухани жаңғыру мәселесіне арналған алғашқы шығарма. Бұл оқу құралының негізгі ерекшелігі – бұрынғы көзқарас бойынша Абайды ақын ғана емес, енді оны жаңаша ойшыл ретінде қабылдау болды. Бұл жаңа көзқарас данышпанның хакімдігін танып, оның заңғар тұлғасын толық көруге мүмкіндік берді. Мектеп мұғалімдері де оқу құралын үлкен ықыласпен қабылдап, Абай мұрасын ұрпақ санасына енгізуге кірісіп кетіп еді. Өкінішке қарай, бұл игілікті істің өмірі ұзақ болмады. Оның да себебі болды.
Еліміз тәуелсіздік алған соң Абай мұрасын өз дәрежесінде толық қабылдау кезеңі туды. Кеңестік атеизм дәуірінде Ұлы Жаратушымен байланысқан данышпанның рухани мұрасын толығымен қабылдауға мүмкіндік болмай, шектеліп, ол тек қана «ұлы ақын» ретінде қабылданғаны мәлім. Бұл Абай ұлы-лығын толық тануға мүмкіндік бермейтін тоқырау кезеңі еді. Атеистік саяси қыспақ жойылған соң, енді Абайды ойшыл ретінде қабылдайтын жаңа заман туды. Абайдың 150 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиында бұл туралы көп айтылып, бір мәмілеге келгендей болып еді.
Бірақ ескі көзқарастан арыла алмаған кейбір ғалымдар бұл маңызды сәтті дұрыс түсініп, бірден қабылдағысы келмеді. Нәтижесінде олар өздерінің ескі көзқарасы және басқа да себептермен жаңа тұрғыдан жазылған оқу құралына қарсы шабуыл ұйымдастырды. Абайтану саласы өздерінің ықпалынан шығып, философтар қолына түсіп кетуінен қауіптенген филологтар жөнсіз жала жауып, кемістіктер іздеді. Кітаптың маңыздылығын бағалап, ғылыми тұрғыдан талдағанның орнына, оның ұсақ кемшіліктеріне көңіл бөлінді.
Нәтижесінде «Абайтану» оқу құралы, өкінішке қарай, мектеп бағдарламасынан алынып тасталды. Содан бері, міне, жиырма жылдай уақыт өтсе де, өз дәрежесінде жазылған жаңа оқулық бүгінде әлі жоқ. Ал мектеп бағдарламасында «Абайтану» тек қана қосымша сабақ (факультатив) ретінде берілген. Оқу құралы болмағандықтан, бұл сабақ тек қана қағаз жүзінде, не болмаса Абайдың кейбір өлеңдерін талдау деңгейінде ғана. Осылай Абайтану сабағы бүгінгі күндері мектепте тоқырауда.
Ал Абайсыз қалай рухани жаңғырамыз? Ұлы Даланың жеті қырын нәтижелі пайдалана отырып рухани жаңғыруымыз үшін бәрімізге де Абайдың рухани тағылымы өте қажет. «Абайтану» оқулығы мен мектеп бағдарламасынан шығып қалған «Абайтану» пәнін қайта енгізу керек. Абай тұлғасынан ұлы ақынды ғана емес, енді ұлы ойшылды да көре білгеніміз жөн. Бүгінгі күндері Абайды ұлы гуманист, ағартушы ғана емес, енді оның хакімдігін танып, ұлы ойшыл ретінде қабылдау үшін оның рухани деңгейін ашып көрсету іргелі мәселе. Сонда ғана ұлы мұраның бүкіладамзаттық құндылығын көріп, оны өз дәрежесінде қабылдай аламыз.
Абайтануды қайта қолға алып, оған қамқорлық жасаудың тағы бір үлкен себебі бар. Келесі 2020 жылы Абайдың туғанына 175 жыл толады. Оның 150 жылдық мерейтойы 1995 жылы ЮНЕСКО шешімімен әлемдік деңгейде өткені белгілі. Бүкіл ел болып маңызды шешімдер қабылданған. Ұлы ойшылдың келесі 25 жылдан кейінгі торқалы тойы да бұдан кем болмауға тиісті. Ол үшін қалған аз уақытты пайдаланып, қауырт дайындыққа кірісу керек. Екі мерейтой арасында қандай жетістіктер мен кемшіліктер болды? Өткенде қабылданған шешімдер қалай іске асты? Кемшіліктер болса, себебі неде? Оларды қалай жөнге келтіреміз? Алдағы уақытта қандай міндеттер бар? Міне, осы тәрізді мәселелердің барлығы ақпарат құралдары, баспасөз бетінде кеңінен талқыланып, халық назарына ұсынылуы керек.
«Рухани жаңғыру» мәселесі осыны керек етіп отыр. Абай ілімін қолдану жолдары кеңінен зерттеліп, ойшыл мұрасының түпкі мәнін, кемел адам, хал ілімі, имани гүл, толық адам ілімі деген әлі де болса бұлыңғыр болып жүрген танымдар жүйесін зерттеп ашуымыз керек. Ал бұлардың барлығы да философиялық танымдар, сондықтан, сөз жоқ, оларды зерттеу филологтардың ғана емес, енді философтар мен теологтардың да ісі болса керек. Тек солар қолға алғанда ғана ойшыл мұрасы өз дәрежесінде зерттеліп, абайтану саласы жаңа деңгейге көтерілер еді деген ой келеді.
Рақым ОРАЗАЛИЕВ,
ҚР Ұлттық ғылым
академиясының академигі