Заң бұзушылық фактілері 38 пайызға төмендеген
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтау бағытында бірқатар іс-шаралар жүргізілуде. Бұл туралы бүгін журналистермен өткен брифингте Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Берікбол Байхожаев баяндады.
«2019 жылдың 6 айында Департаментпен Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері мен Әдеп жөніндегі уәкілдердің қатысуымен облыстық, аудандық және ауылдық әкімдіктердің қызметшілерімен 332 кездесулер, семинар-кеңестер, дөңгелек үстелдер өткізді. Шаралар барысында мемлекеттік қызметшілердің әдебі мен мінез-құлық нормалары кеңінен түсіндіріліп, Агенттікпен әзірленген Әдеп кодексінің қойын кітапшасы яғни Pocketbook таратылды. Онда мемлекеттік қызметшінің қызметтік қарым-қатынаста жұмыстан тыс уақытта қандай мінез-құлық таныту қажеттігі, әлеуметтік желіні пайдалану керектігі туралы мәселелер қамтылған»,-деді Берікбол Ұзақұлы.
Брифингте Берікбол Байхожаев қолға алынған түрлі шаралардың мемлекеттік қызметшілер тарапынан тәртіптік теріс қылықтарды жасау фактілерінің азаюына септігін тигізетінін жеткізді. Соның нәтижесінде мемлекеттік қызметшілердің заң бұзушылық әрекеттері төмендеуде. Яғни, өткен жылмен салыстырғанда мемлекеттік қызметшілердің заң бұзушылық фактілері 38 пайызға төмендеген.