Тәтті нан өнімдері халық сұранысына ие
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Жалағаш ауданында «Медғат» тәттілері кондитерлік цехы бар. Шағын бизнесті дөңгелетіп отырған кәсіпкер Айнұр Дәуіржанова «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы арқылы өткен жылы 500 мың теңге алып, кәсібін бастаған.
Қайтарымсыз грант алған кәсіпкер түрлі тәтті өнімдерін шығарып, 3 адамды жұмыспен қамтыды. «Медғат» тәттілері бүгінде көптің сұранысына ие болуда.
Нан өнімдерін шығарумен айналысатын тағы бір наубайхана аудан халқына тәтті өнімдерін ұсынып келеді. Жеке кәсіпкер Айгерім Гаюпова ЖК «Гаюпова» шағын кәсіпкерлік нысанын ашып, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы «Еңбек» бағдарламасымен 4 миллион теңге несие алған. 6 адамды тұрақты еңбекпен қамтыған ол күн сайын 4 дүкен, 5 балабақшаны нан өнімдерімен қамтамасыз етіп, халық сұранысын орындап отыр. Сонымен бірге күніне 15-20-ға жуық торт әзірлеп, саудалайды. Бүгінде ісі жолға қойылған цех екі ауысыммен жұмыс істейді.