Арал ауданының әкімі болашақ кәсіпкерлермен жүздесті
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев облыстық Кәсіпкерлер палатасы, оның Арал аудандық филиалында болып, кәсіпкерлік негізінде білім алып жатқан аудан тұрғындарымен жүздесті.
Кездесу барысында, аудан әкімі білім алушыларға аудан игілігіне бағытталған қандайда бір жобалар, ұсыныстарға үнемі қолдау білдіретіндігін атап өтті.
Одан әрі, аудандық кәсіпкерлік палатасының директоры Қ.Еңсепов аудан әкіміне «бір терезе» қағидаты бойынша бизнесті қолдау мен дамытудың барлық шараларын бір орталықтан көрсету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайын таныстырды. Сонымен қатар, аудан көлеміндегі кәсіпкерлік саласындағы орын алып жатқан жаңалықтармен бөлісті.
Атап айтқанда, ағымдағы жылдың 1 шілдесіне аудан бойынша тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 4221 бірлікті құраған. Ал, «Бір терезе» қағидасы аясында аудандық және облыстық деңгейде ісін жаңа бастаушы, сондай-ақ жұмыс жасап жүрген кәсіпкерлерге тегін сервистік қызметтер, кәсіпкерлік негіздерін оқыту, несие алуға сүйемелдеу, мемлекеттік бағдарламаларға кеңес беру, инженерлік коммуникацияларға қосылуға техникалық шарттар алып беру, жердің нысаналық мақсатын өзгерту, сәйкестендіру құжатын рәсімдеу, қайта рәсімдеу, нысаналы мақсатын өзгерту және басқа да қызметтер көрсетілуде.
Мәселен, жыл басынан бері кәсіпкерлікті қолдау орталығында 1791 қызмет көрсетілген. Мұнан өзге, осы жарты жылдық бойынша кәсіпкерлік саласына ден қойған аудан тұрғындары арасынан «Бастау Бизнес» жобасына 128 үміткер оқуға жолдама алып, 120 азамат оқуды бітірді. Ал 109 азамат облыстық комиссия алдында жобаларын сәтті қорғап шыққан.
Сонымен бірге, жастар жылына орай ұйымдастырылып жатқан «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша 59 азамат оқудан өтуде.
Айта кетейік, биылғы жылы «Бизнес Кеңесші» оқыту курсы онлайн форматқа көшірілген. Осы ретте, биыл 43 аудан азаматтары аталған оқу курсының сертификатына ие болады.
Кәсіпкерлікке бет бұрған тұрғындарды қолдау, қаржыландыру бойынша жыл басынан бері, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-мен жалпы құны 77,2 млн теңге болатын 27 жоба қаржыландырылса, 23,45 млн теңгені құрайтын 12 жоба мақұлданған.
Бұған қоса, өңірлік инвестициялық орталық арқылы Арал қаласынан жалпы құны 66,0 млн. теңге болатын 11 жоба толық қаржыландырылып үлгерген. Бұл жобалардың басым бөлігі, балық шаруашылығы, пластикалық терезе, жиһаз жасау, тігін цехын ашу сынды мәселелерді қамтиды.
«Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы шеңберінде пайыздық мөлшерлемелерін субсидиялау бағыты бойынша бүгінгі күні аудан бойынша жалпы құны 157,4 млн теңге болатын 9 жоба қаржыландырылса, құны 75 млн теңге құрайтын 1 жоба «Форте банк» арқылы жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылуда. Бұдан өзге, жалпы құны 42,6 млн теңге болатын 3 жоба мақұлданып, құжаттары рәсімделсе, 85 млн теңге болатын 4 жоба банк қарауына ұсынылған.
Сондай-ақ, жақында ғана аталған бағдарлама аясында гранттық қаржыландыруға арналған конкурсы 2 бағытта өткізіліп, аудан кәсіпкерлерінің жалпы құны 2,945 млн теңгені құрайтын 7 жобасы мақұлданған. Сонымен бірге, «Еңбек» Бағдарламасы шекберінде көлемі 100АЕК-тік 12,625 млн теңгені құрайтын грант қаражаты 50 жобаға табысталған.