Қазақстан мал шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттырмақ
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қазақстан мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісін арттырып, экспорттың көлемін көбейтпек, деп хабарлайды «Хабар 24».
Осы мақсатта 4 салалық бағдарлама қабылданды. Онда етті және сүтті бағыттағы мал шаруашылығы мен құс және доңыз шаруашылықтары қамтылған. Сонымен қатар экспорттық нарықты кеңейту үшін өнімдерге «халал» және «органикалық» сертификаттарын беру жүйесі енгізіледі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында айтылды.
Биылғы алты айда мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,5% өсті. Нақтырақ айтсақ, сиыр етін өндіру 477 мың тоннаға жетіп, ішкі сұраныстың 98%-ін қамтамасыз етті. Ал қой етінің өндірісі 150 тоннадан сәл асқан. Доңыз еті 86 мың тонна болса, тауық еті 192 мың тоннаны құрап, бес жыл ішінде 40%-тік өсім көрсетті. Дегенмен, бүгінге дейін дәл осы тауық етіне деген ішкі сұраныстың тең жартысы шет елдерден әкелінеді.
Осы олқылықтың орнын толтыру үшін мемлекет құс шаруашылығын дамытуға арналған бағдарламаны іске асыруға басымдық бермек. Сөйтіп 2022 жылға дейін өндіріс көлемін 70%-ке жеткізуді жоспарлап отыр. Былтырдың өзінде Ақмола облысында жалпы қуаттылығы 60 мың тоннаны құрайтын ірі кәсіпорынның бірінші кезеңі іске қосылды. Бұған қосымша 7 жоба жүзеге асырылуда.
«Бірінші кезеңін жүзеге енгіздік. Биылғы жылдың аяғына дейін 25 мың тонна ет шығаратын боламыз. Қазіргі таңда фабрикада 900 адам жұмыс жасайды. Бүгін біз екінші кезеңнің жұмысын бастадық. 2020 жылдың соңында іске қосу және 2021 жылы толық жобалық қуатқа шығамыз. Алдымызда үлкен жоспарымыз бар. Осы құс етін өндіруді 1 миллион тоннаға шығару. Бірақ осыны жүзеге асыру үшін мемлекет тарапынан қолдау керек. Бізге ұзақ және проценттік мөлшерлемесі төмен, 2,3 мемлекеттік қолдау құру керек деп сұраймыз», - дейді Құс фабрикасы президентінің орынбасары Рабиға Тоқсейітова.
Енді мал етінің өндірісіне ойыссақ. Былтыр елімізден шет елдерге 20 мың тоннадай сиыр еті, 3 мың тонна қой еті экспортталды. Етті бағыттағы мал басын көбейтем дегендерге жеңілдетілген несие беру бағдарламасы іске қосылды. Соның арқасында 2019 жылы 683 отбасылық ферма 66,7 мың сиыр сатып алуға қаржыландырылып, 42 мың аналық бас ірі қара әкелді. Мал басын көбейтуге Ақтөбе мен Алматы облысының шаруалары белсенділік танытқан. Дегенмен, Премьер-министр саладағы өндіріс көлемінің аздығын сынға алды.
«Қазіргі таңда мал шаруашылығы өнімдерін өндеу көлемі төмен деңгейде қалып отыр, бұл көрсеткіш 35%-тен аспайды. Ал Ресейде 40%, Беларусьте 50%, дамыған Еуропалық одақ елдерінде 80%-тен астам. Ет өңдеу деңгейі бойынша 2019 жылдың жарты жылында Ақмола облысында және Шымкент қаласында өсім бар. Сонымен қатар Алматы облысында өсім қарқыны төмен. Сүт өңдеу бойынша Қызылорда және Жамбыл облыстарында оң динамика байқалады», - дейді ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин.
Аз да болса өндірісте өсім байқалады. Енді оның бәскеге қабілеттігін арттырып, құжаттарын заңдастыру маңызды. Ол үшін «органик» және «халал» өнімдерін өңдеу және сертификаттау жүйесін жолға қою қажет. Алғашқысына қатысты заң 2015 жылы қабылданған. Алайда әлі күнге дейін іске аспай келеді. Ал халал өнімдерін өндіру саласында заңнама мүлде жоқ. Бұл қазақстандық азық-түліктің ислам елдеріне шығуына кесірін тигізіп келеді.
«ҚР үшін АҚИҰ құруы мен пайдасының мақсаты ол Республиканың ислам елдеріне азық-түлік жеткізуді арттыру болып табылады, ал халал өнімдерін өндіруді дамыту жөніндегі іс-шаралары жоспарысыз Парсы шығанағының басым елдеріне, Иранға азық-түлік экспортының өсуін қамтамасыз ету мүмкін емес. Қазіргі уақытта халал өнімдерін өндіруді дамытудың Жол картасын келісу аяқталуда, келесі аптада осы бойынша Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде кеңес өтеді», - дейді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров.
Үкімет отырысында Асқар Мамин мал шаруашылығына инвестицияны жыл сайын кемінде 30%-ке арттыру міндетін жүктеді. Әрине, ол үшін елімізде инвесторларға қолайлы жағдай жасалған. Оның үстіне бізде төл өсіріп, өнім өндіруден түсетін табыс көл көсір. Мұны ирандық кәсіпкер растады. Қазақстан нарығында жүргеніне 7 жыл болған. Шаруашылығында 2600 ірі қара бар. Шет елге алғашқы лекпен 90 тонна ет экспортады. Бірнеше жылда сауда айналымын 5 мың тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр.
«Аналық ірі қараны алып, мал басын көбейтемін деген шаруаларды қаржыландыратын бірнеше бағдарлама бар. Бұдан бөлек кәсіпкерлерге арналған жеңілдіктер де қарастырылған. Соған арқа сүйеп, қымбат болса да, асыл тұқымды мал алып, шаруаны жүргізіп келеміз. Өнімді шет елге шығару кезінде де қолдау көрсетіледі. Әрине бұл инвестордың осы жерде тұрақтап, кәсібін одан әрі дамытуына мүмкіндік береді», - дейді инвестор Арман Джавидан.
Ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, бүгінде америкалық инвесторлар Қазақстанда сиыр етін өңдейтін кешен салуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ Дүниежүзілік банк пен Азия даму банкі бірлесіп ет саласын дамытуды қолдау бағдарламасы әзірлеуде. Жүйелі жұмыстың арқасында алдағы жылдары сиыр еті экспортының көлемін 37%-ке, қой еті 32%-ке арттыру жоспарланған.