Биыл «Қазақтелеком» 400-ден астам ауылға интернет тартады
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Алдағы екі жылда 2,5 млн ауыл тұрғыны интернет игілігіне қол жеткізеді. Бұл туралы «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының бас қаржы директоры Асхат Өзбеков БАҚ өкілдерімен өткен брифингте айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Асхат Өзбеков «Қазақтелеком» тарапынан «Ауылдық жерлерде талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу» атты жоба дайындалып жатқанын айтады. Осы жобаның арқасында келесі жылдың аяғына дейін 800-ден астам ауыл интернетке қосылуы тиіс.
«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында ауылдық елді мекендерде оптикалық-талшықты байланыс желісін салу жобасы біздің компания үшін стратегиялық мақсаттың бірі саналады. Өткен жылы ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігімен осы мақсатта мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты жасалған болатын», - деді Асхат Өзбеков.
Оның айтуынша, осы жоба аясында 15 мың шақырымнан астам оптикалық-талшықты магистраль салынады.
«Келесі жылдың соңына дейін 800-ден астам шалғай ауылды интернетке қосу жоспарланған. Ал биыл 400-ден астам ауылдық елді мекенде интернет желісін қосу жоспарланып отыр», - деді Асхат Өзбеков.