Әлеуметтік мәселелер оң шешімін тапты
oldkaz.kyzylorda-news.kz. "Nur Otan" партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақмарал Әлназарова азаматтардың өтініш тілектерін тыңдау мақсатында шілде айының 22 жұлдызынан бастап қалаға қарасты барлық елді мекендерде жеке қабылдау өткізген болатын. Аталмыш қабылдау арнайы кестеге сәйкес, кеше Сырдария аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде ұйымдастырылды.
Қабылдауға облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасарымен қатар, облыстық мәслихат депутаты Расул Есенов және облыстық партия филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Нұрлан Әбдікәрімов, сондай-ақ, аудандық мәслихат хатшысы, аудандық мәслихаттағы "Nur Otan" партиясы депутаттық фракциясының жетекшісі, Тереңөзек кентінің әкімі де қатысты.
Жалпы қабылдауға 10 азамат келіп, жұмыссыздық, әлеуметтік қолдау, тұрғын үймен қамту, денсаулық сақтау саласына байланысты мәселелерді көтерді.
Мәселен, Жанат есімді азаматша бес баламен жалдамалы пәтерде тұратынын, және күйеуінің жұмыссыз екенін айтып баспана сондай-ақ күйеуіне жұмыс сұрап келіпті.
Қабылдау барысында аудандық мәслихаттағы "Nur Otan" партиясы депутаттық фракциясының жетекшісі Жұмабек Ембергенов жұмыспен қамтыуға уәде етті.
Ал, Тереңөзек кентінің тұрғыны 4 баланың анасы Нәзира Жақсылықова күйеуінің жұмыссыз, екінші баласының мүгедек және арнаулы әлеуметтік көмек алмайтындығын айтып шағымданды. Назираның өтініші де жерде қалмады. Партия мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Расул Есенов оның күйеуіне 60 мың теңге айлық жалқысы бар жұмысқа орналастыратын болып келісті. Сондай-ақ, баспанасын жөндеуге қаржылай көмек сұрап келген Күлістан Яссауйге қаржылай көмек көрсетті.
Атап өту керек, қабылдау барысында жұмыспен қамту, әлеуметтік мәселелер дереу оң шешімін тапты. Облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақмарал Әлназарова барлық мәселелердің жауапсыз қалмайтынын ескертіп, өзінің тікелей бақылауында болатындығын жеткізді.