Студенттік жатақхана салуға ниетті инвесторларға мемлекет тарапынан ұтымды ұсыныс
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Кәсіпкерлер палатасы алаңында студенттерді, магистранттар мен докторанттарды жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысты орналастыру тетігі туралы бизнес өкілдерін ақпараттармен қамту мақсатында кездесу өтті.
«Қаржы орталығы» АҚ мен Кәсіпкерлер палатасы бірлесіп ұйымдастырған шараға кәсіпкерлермен бірге өңірдегі оқу орындарының басшылары және өзге де сала басшылары қатысты.
Уәкілетті органның берген мәліметіне сүйенсек, Қызылорда облысы бойынша 11оқу орнында білім алатын 1 375 студентке студенттік жатақхана қажет екен. Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасының» үшінші бастамасын жүзеге асыру аясында аймақта 2022 жылдың соңына дейін 11 колледж үшін жалпы 1500 орынға 11 жатақхана құрылысы жоспарланып отыр. Ол үшін 11 жер учаскесінде объектілерді пайдалануға енгізу көзделуде. Қазірдің өзінде 9 объект бойынша жоба-сметалық құжаттары дайындалып жатыр екен.
Білім және ғылым министрлігі объектілердің пайдалануға енгізілуін студенттерді, магистранттар мен докторанттарды жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысты орналастыру тетігінің шеңберінде жүзеге асырмақ. Бұл шаралардың барлығын үйлестіріп отыру үшін «Қаржы орталығы» АҚ негізгі оператор болып айқындалған.
«Студенттік жатақхана салуға ниетті инвесторларға мемлекет тарапынан ұтымды ұсыныс беріліп отыр. Белгіленген механизмге сәйкес мемлекеттік тапсырысты орналастыру шеңберінде жыл сайын әрбір орын-жай үшін жаңа жатақхана салынған жағдайда – 122 айлық есептік көрсеткіш (308 050 теңге), ғимаратты жатақхана етіп қайта жабдықтаған жағдайда 47 айлық есептік көрсеткіш (118 675) төленетін болады. Жатақхана салған немесе ғимаратын қайта жабдықтаған инвесторға мемлекеттік тапсырыс 8 жылға дейін төленетін болады», - дейді «Қаржы орталығы» АҚ-ның менеджері Алпамыс Сатыбалдин.
Бұл бастаманы жүзеге асыру механизмі мынадай. Ең бірінші инвестор операторға («Қаржы орталығы» АҚ) өз немесе қарызға алған қаржыға жатақхана салатындығы туралы өтініш береді. Өтінішпен бірге жер телімінің құжаттары, жатақхананың эскиздік жобасы қоса беріледі. Құжаттар сай келген жағдайда Білім және ғылым министрлігі, «Қаржы орталығы» АҚ және инвестордың арасында үшжақты келісім-шарт жасалады. Бұл ретте инвестор жатақхананы 2 жылдың ішінде салып бітіруі тиіс, ал оператор мемлекеттік тапсырыс беру үшін келісім-шарт жасау керек. Жатақхана салынып, мемлекеттік тапсырыс орналастыру туралы келісім-шарт жасалғаннан кейін инвестор объектінің нысаналы мақсатын 20 жылға дейін ауыстыра алмайды. Жатақхана 100 орыннан төмен болмауы тиіс. Әрі қарай инвесторға мемлекеттік тапсырыс аясында қаржы жоғарыда айтылғандай 8 жыл көлемінде төленіп отыратын болады.
Аталған жобаға қызығушылық танытқан кәсіпкерлер «Қаржы орталығы» АҚ-ның 8-8000-802-828 баланыс нөмірі арқылы call-орталығына немесе www.fincenter.kz сайты арқылы қосымша ақпараттар ала отырып, өтініштерін беру арқылы қатыса алады.