Биыл азаматтық бастамаларға 3 млрд теңге бөлінген
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы арқылы жүзеге асатын жобаларға 3 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының атқарушы директоры Шырын Тіленшиева ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
«Жастар кадрлық резерві» жобасы биыл біздің орталықтың қаржылық гранты арқылы жүзеге аспақ. Өзім де кезінде осы жоба арқылы үлкен өмірге жолдама алғанмын. Жалпы биыл Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы Қазақстан бойынша 108 әлеуметтік жобаны жүзеге асырып жатыр. Оның жалпы қаражат қоры 3 млрд теңгеге жуық. Қазірдің өзінде 16 жобаның нәтижесі белгілі болды. Яғни, 15 үкіметтік емес ұйым жиыны 450 млн теңгенің жобасын қолға алатын болады», - деді Шырын Тіленшиева.
Брифинг барысында «Жастар кадрлық резервінен» түлеп шыққан Евгений Кочетов та өз тәжірибесімен бөлісті. «Nur Otan» партиясына қарасты Талдау, болжау және стратегиялық бастамалар институты директорының орынбасары аталмыш жоба кімдерге көбірек қажет екенін айтты.
«Бұл – тәуелсіздік жылдарындағы мен білетін ең сәтті қолданбалы жоба. 2009 жылы мен де алғашқылардың бірі болып шәкірт атанғанмын. Өзінің кәсіби бағдарын әлі таппай жүрген жастарға осы жобаға қатысуға кеңес берер едім. Жастық албырттықты сарапты көзқарасқа айналдыратын орта бұл. Сондай-ақ, кәсібін өзгерткісі келсе де, соған батылы бармай жүргендерге де осы жобада бағын сынап көруге кеңес беремін. Бұл жоба бастағы артық-ауыс ойларды тазартып береді», - деді ол.