Қармақшылықтар ХҚКО мамандарына дән риза (ФОТО)
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қармақшы ауданының тұрғындары «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Қармақшы аудандық бөлімшесінің мамандарына дән риза. Бүгін «oldkaz.kyzylorda-news.kz» ақпарат агенттігінің редакциясына хабарласқан Жосалы кентінің тұрғыны Ардақ Сүлейменова аудан тұрғындары атынан аталған Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандарына ризашылықтарын жеткізді.
Қармақшылық Ардақ Сүлейменова, әсіресе, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Қармақшы аудандық бөлімшесінің құжаттарды қабылдау жөніндегі маманы Серікболсын Маденовке айрықша алғысын жеткізді.
– Аудандағы Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары қашан барсаңыз да жылы қарсы алып, қолдан келген көмектерін аямайды. Аты айтып тұрғандай, халыққа жоғары деңгейде қызмет көрсетіп келеді. Аудан тұрғындарымен етене жақын болып кеткен оларға аудан тұрғындары дән риза. Менің сіздердің редакцияларыңызға хабарласқандағы басты мақсатым – осы орталықта құжаттарды қабылдау жөніндегі маман болып еңбек ететін Серікболсын Маденовке алғысымды жеткізгім келеді. Ол – тек мен ғана емес, түрлі мәселелерімен осы орталықтың қызметтеріне жүгінетін жұртшылыққа сапалы қызмет ұсынып, халықтың алғысына бөленіп жүрген жас маман, – дейді қармақшылық тұрғын.
Иә, расымен де халыққа қызмет көрсету орталығының кез келген бөлімшесіне бас сұқсаңыз, ондағы қызу да қауырт жұмыстың куәгері боласыз. Бүгінде аталмыш орталық қызметкерлерінің басым бөлігін жастар құрайтыны да баршаға белгілі.
Біз редакциямызға хабарласқан қармақшылық тұрғынның пікірінен кейін, жас маман Серікболсын Маденовтың өзіне хабарласқан едік.
– Халықпен жұмыс жасау оңай емес, – дейді ол бізбен әңгімесінде. – Бірақ, атқарып отырған жұмысыңнан алдыңа келген адамның мәселесі шешіліп, нәтижесі көрінсе, ол бізге қанат бітіреді. Күн сайын сан түрлі адаммен – жас пен жасамыс, кәрімен де қауышып жатамыз. Сол адамдардың бәрімен тіл табысу, түрлі мінездеріне шыдап, сапалы қызмет көрсету – азаматтық борышымыз. О баста осы орталыққа халықпен жұмыс жасайтынымызды біліп келдік. Олай болса, ел үшін еңбек етуге тиістіміз. «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» дегенді мектеп қабырғасында оқып жүрген кезімізден бастап-ақ болашақ өмірге бағыт сілтер ұстаздарымыздан жиі естіп өстік. Ал, сол алтын ұя мектебімізбен қоштасып, келешек мамандығымызды таңдау сәті жақындаған сайын осы сөз тіпті жиі естілетін болды. Бәлкім, бұл болашақта атқаратын жұмысыма байланысты болар. Бұл орталықта менің алдыма күніне емес, сағатына бірнеше адам келіп, мәселесін айтады. Әрине, қолдан келген көмекті аямаймыз. Бұл – біздің басты міндетіміз. Осы міндетті орындау барысында біріншіден, біз келушінің уақытын үнемдейміз. Бүгінде әр минут – санаулы, әр секунд теңгеге баланған заманда бұл үлкен көмек дер едім. Екіншіден, еліміздегі халыққа қызмет көрсету орталықтарының арқасында қажетті құжаттардың бәрі бір жерден рәсімделіп, тұрғындар облыс орталығына немесе басқа қалаға сабылудан арылып отыр. Үшіншіден, түрлі құжаттарды қажет еткен қарапайым халық көбіне сол қағаздардың түрін түстемек түгілі, оның қалай реттелетінін де біле бермейді. Бұрынғы кездері осындай сауатсыздықтың кесірінен қаншама адамдар бір барған есігін бірнеше қайтара қағып, табанынан тозатын. Қазір біздің орталықта қызмет атқаратын мамандар қандай да бір қателіктің орын алмауын мұқият қадағалайды. Алдымызға келген адамдарды ұлтына, жасына, түріне, қызметіне қарап бөлмейміз. Біз үшін барлығының ортақ есімі – Адам. Ал, адамдардың игілігіне жұмыс істегеніміз – біздің атаның емес, адамның баласы болғанымыздың дәлелі дер едім. «Нағыз адам атанамын десең, жақыныңа жасаған жақсылыңды ұмыт» дейді халық даналығы. Күніне қиналып келген жандардың қаншасына көмек бергеніміз біздің есімізде қалмайды. Әрине, біз адам өмірін ажалдан арашалар дәрігер, болмаса төтенше жағдай кезінде көмекке келетін құтқарушы емеспіз. Дегенмен, біздің қызметіміз де адамдардың өмірі үшін өте маңызды сала. Сондықтан, мен жұмысымды үлкен құлшыныспен істеймін. Себебі, менің «адамның баласы» атануыма осы жұмысымның берері мол екендігіне сенемін. Халыққа адал қызмет тек қана абырой әкеледі.
– Серікболсын Бекболатұлы – тумысынан қарапайым, көп сөзге жоқ адам. Жастықтың буына елітіп, мастанғанын көрген емеспіз. Ұяң мінезді, кішіпейіл ол мамандық таңдауда да қателеспеген сыңайлы. Олай дейтініміз, қашанда үлкенге – ізетінен, кішіге – құрметінен танбайтын оның үстінен аудан тұрғындары бір рет болса да шағым айтып көрмепті. Келушілердің оның қызметіне көңілі толмаған күндері болмапты. Қайта жас та болса аудан халқының алғысына бөленіп жүрген маман екендігін біз мақтаныш тұтамыз, – дейді оның әріптестері.