Жүрек пен көз туралы тәмсіл
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қазақ үшін Сөз тылсымға толы сиқыры мол дүние. Сөзді адам ағзасымен етене бір көреді. Бір заттың екі жағы санайды. Ренжісе, «өкпелеп қалдым», туғанын «бауырым» деуі тегін емес. Табан екеш табанды да сөзге қосып, мінезі салмақтыны «табанының ізі бар» деп бейнелейді. Онысы көбіне-көп дөп шығады. Әйтсе де жүрек пен көз ерекше орында тұр. Ортағасырлық қайта жанданған Шығыста қуаты күшті қалам иелері екеуіне талай новеллалар арнаған.
«Көз бен жүректі қатар қойсам, соңғысының бәсі артық шығады» – деп, ағынан жарылады бір досым. Жүрекке ода айтуға бар: «Бар жақсылық та, жамандық та жүректің ісі. Жүрек таза болса, тілек те таза. Жүрек пен тілектің тазалығы ең алдымен өзіңіз үшін, сосын маңайыздағылар үшін аса қажет. Жүректен гөрі білектілер, тілекшілерден гөрі ептілер асып тұрғанда…
Адамның ғұмыры осы жұдырықтай жүректе. Жүрек тоқтаса өмір үзіледі. Бұл белгілі жайт. Жүрек ақ болса, көңіл де, жан-жағың да жап-жарық. Жүректі қара ниет қауласа, айналаңды да түнек басып, қатыгездік кеулейді кеудеңнің қуыс-қуысын. Жүрек сондай. Оның сондай кереметі бар. Жаратқанның аты да оған тегін жазылмаса керек. Құдай шебер. Оған шек жоқ.
…Адам болған соң, жұмыр басты пенде болған соң, кейде пендеге тән қылықтар қылаң беретіні рас. Сонда санамды тежеп, ақылға шақырып, тәубеге келтіретін осы жүрек. «Қой» – деймін өз-өзіме. «Тәкаппарланып, қызғаныштың қызыл итіне ішіңді тырнатып қайда барасың? Сені қадірлеп, үміт күтетіндерге көрсеткен кісілігің осы ма?» – дейді іштегі бір дауыс. – «Ол да, сен де ет пен сүйектен жаратылғансың. Оның сенен артықшылығы – ақылы, білімі, санасы. Ол үшін оны кінәлай алмайсың. Жалқау болған, келте ойлайтын өзіңді кінәлама! Қолыңнан келсе, сондай болып ал! Ал келмей ме, онда күндестік пен көре алмаушылық сенің не теңің?!» Не «қара басыңның қамын жеп, не етесің? Ұяттан ұзап не табасың? Дүниенің түбіне жеткен ешкім жоқ. Атақ, мансап, байлық саған дос емес. Досың сенің – қанағат!» Бұл – жүректің сөзі. Шын қанша қателіктерден, жаза басудан сақтап жүрген жүрек. Шүкір, әзірге жүректің даусына түйсіктің құлағы түрік, көзі түзу.
…Жүрек ақылға Алланы мойында дейді. Ол мойындайды. Жүрек санаға құлшылық қыл дейді. Сана құлшылық ете бастайды. Тілек түзелді. Жекешеден көпшеге ауысты. Ой иманнан, ұяттан, ардан бездіретін жамандықтың бәрін мейлінше құлыптап ұстайтын болды. Осының бәріне басшы – Жүрек.
…Ерлік те, елдік те, батырлық та, адамдық та, кісілік те, қайырымдылық та, жомарттық та – жүректің тазалығынан. Алланың маңдайына жазған жазмышының, мәнді, не мәнсіз болуы да жүректен. Бәрі жүректен…Жүрегім менің, кірлеме! Жазмыш салса, озмыш жоқ, жаралансаң жаралан, тек әйтеуір былғанба! Білемін саған түскен жара жазылмайды. Бірақ сен жаралансаң, жалғыз өзіңді ғана емес, менің жанымды да қинайсың. Ал кірленсең, ластансаң, бірді емес, мыңды бүлдіресің. Сондықтан жүрек кірлеме!»…
Әзіз жүрек жайында досым осылайша тебіренеді. Ұлы Абай да ақыл мен жүректі салыстыра келе, жүректі қалайтыны бар ғой. Жүрек тұрғанда қай қылмысқа орын бар?..
Ал мен болсам «көзді» көзден таса еткім жоқ. Басты орынға қоям. Өйткені Жүрек абстрактылы болса, Көз шынайы. Тоғыз онның түбінде, тәсіл ақылдың түбінде, жүрек көздің түбінде тұрмай ма? «Жалмауыздың жанарындай», «Көзі қиықтың қаны сұйық», «Ашу үстінде көз қызарады, ашу басылған соң бет қызарады», «Көз сүзген көрінгенге көңіл арсыз», «Көрген көзің жылаудың ұясы» дейтін теңеу-тіркестер тілде мүлдем қолданылмаса деймін. Көзді қимаймын өйткені. Құтыртып мақтатқызбайтын, тұқыртып даттатқызбайтын, ақиқат-шындығыңның негізгі өлшемі – көз емес пе? Көрмеген жұрт қиялына сенеді.
…Ішкі сырыңды жария етіп дауыстап айту бар да, ишаратпен тұспалдап, қас-қабақпен ұқтыру, көзбен жеткізу бар. Мұның үзілген үмітті жалғауда не күдерді біржола үздіруде мүмкіндігі шексіз. Ал арбау, иландыру қабілеті тіптен ерекше: көз әмір береді, тоқтам айтады, сүйіндіреді, күйіндіреді. Біреудің қас-қабағына қарап, білгің келіп тұрғаныңның жауабын содан іздейсің. Бір сөзбен айтқанда, көз – көңіл-күйіңнің айнасы. Оның кей құбылыстарын сөзбен бейнелеп жеткізу әсте мүмкін еместей. Соның қайсыбір белгілеріне үңіліп көрелікші:
қатал көз қарас – белгілі бір нәрсеге тоқтам салу;
кірпікті төмен айқастыру – келісімді білдірсе керек;
ұзақ көз тігу – мұң мен өкініш;
төмен қарау – қуаныштың белгісі;
қарашықты қабаққа көтеру – қорқудан хабар;
оңға-солға жүгірту – сенімсіздік пен келіспеу ишараты;
тез көз тастау — өтінішке;
қатыңқы қабақ – ашу мен рұқсат етпеудің амалы;
көзді тайқып әкету – жасырып тұрған белгілі бір құпия сырдың бар екендігінің куәсі, т.б.
Басқаша айтқанда, адамның қас-қабағынан жан түкпіріндегісін ұға аласың. Көз шынайы дейтінім сондықтан.
Ғұлама жазушы Мұхтар Әуезов «Абай жолы» эпопеясында адамның қас-қабақ, бет-пішіні туралы былай жазған: «Әңгімеші адамға талай уақыт тапжылмай тесіле қарап қалу Абайдың кішкентай күнінен бергі әдеті еді. Адам пішіні бұған бір әрдайым тамаша, өзгеше қызық сурет тәрізденетін. Әсіресе ажымы мол үлкендер пішіні бір қызық хикая тәрізді. Ол кей адамның айғыз-айғыз ажымынан, салбыраған ұртынан, қыртыстанған маңдайынан, немесе бояуы оңған көздерінен, әр алуан сақал-мұртынан – өзінше неше түрлі жанды, сызаты көп сипаттарын көргендей болатын. Құнанбайдың жалғыз сау көзі, оның көтеріңкі жал-тұмсығының сол иығына шығып алып, қалғымай, сақшыдай бағып, осы өңірді қалт етпей күзетіп тұрған сияқтанады. Қоя беріп, салғырттығы жоқ сергек қатал күзетші»…
Әсілі, адамның қас-қабағы – ашық кітап іспетті, парақта да оқи бер, ұға біл, түсін. Көз – жан-дүниең түкпірінде жатқан бүкпесіз жан сырыңнан хабар жеткізер елші, яки – діттегеніңе тура бастап апаратын жол, ол ішкі дүниеңнен ақпарат айтатын, құпияңды дөп жеткізетін көмекші құрал. Көзде не нәрсе де өзінің шынайы қалпында айнымай көрінеді.
Адам пішінінің мән-мазмұны тұрғысынан келгенде, ең бір жоғары тұрар сезім мүшесі – көз. Оның көңіліңнің үнін естіртетін, тылсымнан сыр тартатын құдіретті күші бар. Өйткені ол жарқыл атқан жарықтан тұрады. «Адамды ұққың келсе – жанына жақын барып көзіне үңіл» дейді шығыс тәмсілі. “Мәселенің мәселесі адамның жүзі. Барша қуаттың ұясы – көз. Орындаудың қозғаушы күші – жан дүниесі болса, жанның бейнесі – бет, оның ішіндегі ерекшесі – көз. Бұл дененің ең жалқы үздік мүшесі. Үйткені ол көңіл-күй толқындарын, өзгерістерін, елеусіз реңктерін мейлінше толық, жетік, жан-жақты жеткізетін құдіретті мүше” – дейді зерттеуші-ғалым Серік Негимов. Әңгімелесушінің көңіл-күйін бірден аңғара алғанның өзі, оның қандай күйде екенін – ашулы ма, қуанышты ма, шат па, самарқау ма, ықыласты ма, міне, осы күйді дәл анықтай білсең, көкейіңді тескен ойыңды анық жеткізе алатындай діттеген мақсатыңа жетесің…
„Ымға түсінбеген, дымға түсінбейді“ дейді қазақ. Айтарыңды көзбен, ыммен білдіретін бұл қатынас түрі ғылыми тілде вербальды емес жолмен беру деп аталады. Адам ойын тілсіз, яғни сөз құралынсыз жеткізетін мұндай өнердің сыр-қырын кім болса да жете біліп жүргені ләзім. Риториктер мұндай өнерді ақпарат тасушының көңіл-күйінің түрлі әуез-әуендерін дұрыс мәнде, айна-қатесіз түсініп, ол туралы
алдын ала пайымдай алу үшін пайдалнады. Зерттеушілер адам мағлұматтардың көп бөлігін осындай вербальды емес жолмен алатынын анықтаған…
Сөз жоқ, адамның тілсіз іс-қимылы, жүріс-тұрысы, қимыл-қозғалыстары арқылы қарсы тараптың айтатын ойын, алуан көңіл-күй реңкін алдын ала ұға білудің мән-маңызы зор. Алқалы топтың алдына шыққанда шалып түсер жіті көз, өткір түйсік, қырағы байқампаздығының арқасында алдындағы көпшілік туралы дұрыс түсінік қалыптастырып, соған сәйкес иінді қолданар көшелі сөз иірімдерін іздейсің. Адаммен оңаша қалғанда, әңгіменің қандай тиімді аралықта өтетінін алдын ала аңдап-біліп, аралықта дауыс-үннің түрлі әуез, реңктері толық, түгел жететіндей, сөйлеушіге де, тыңдаушыға да икемді болғаны дұрыс дейді білетіндер. Екеуара сұхбатта, көзіне тіке қарап сөйлесең, онымен тең дәрежеде екеніңді, сыйластығың мен құрметіңнің жарқын үлгісі деп иландырады. Қарыс жерге сүйем өтірік айтқызбайтын да көз емес пе?
Елеужан СЕРІМОВ