Лагерьдегі балалардың демалысы қауіпсіз бе? (ФОТО)
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Жазда балалардың тынығу лагерьлеріне барып, суда шомылып, жан-жаққа демалуына тамаша мүмкіндіктер туады. Бірақ ондағы қауіп-қатер де аз емес. Балалар үшін қауіпсіздікті қамтамасыз ету – үлкендердің міндеті. Ата-аналар үйде баланың тыныштығын қорығанмен, демалыс орындарына кеткен баланың қауіпсіздігіне тиісті мекеме қызметкерлері жауап береді.
Айталық, Қызылорда қаласындағы «Арай-Санрайз» балалардың жазғы демалыс лагерінде 80 демалушыға 15 тәрбиеші қызмет етуде. Тәрбиешілер балалардың мәдени-көпшілік іс-шараларын ұйымдастыруымен қатар тәртібіне жауап береді. Ал балаларға төтенше жағдайлардағы қауіпсіздік ережелерін сақтау шараларын кім үйретеді?
Осы мақсатта аталған демалыс орнында Қызылорда облысы ТЖД мамандары «Қауіпсіз жаз» шарасын ұйымдастырды. Оған Қызылорда облысы ТЖД мамандары, Жедел құтқару жасағының құтқарушылары, Апаттар медицинасы орталығы филиалының медицина қызметкерлері, Жастар ресурстық орталығының еріктілері қатысты.
Шара барасында балалар арасында судағы төтенше жағдайдың алдын алу және өрт қауіпсіздігін сақтау насихатталды, алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдері үйретілді. Сондай-ақ, Құтқару құрал-жабдықтарының көрмесі ұйымдастырылған.