Қызылордада аса қауіпті 14 жұқпалы ауруға қарсы күрес аяқталды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Өңірде эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау мақсатында аса қауіпті 14 түрлі жұқпалы ауруларға қарсы егу жоспары толық орындалған.
Бұл туралы Қызылорда облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ерсұлтан Апетов Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте мәлімдеді. Басқарма басшысының айтуынша, жұқпалы ауруларға қарсы бөлінген ветеринариялық препараттар облысқа 99,9 пайызға жеткізілген.
«Жануарлардың энзоотиялық ауруларына МІҚ тейлериозы мен пироплазмозы, уақ малдың бауыр құрты, түйенің трипаносомозы, жылқының гастрофилезі жатады. Оған қарсы дәрі-дәрмек сатып алуға соңғы жылдары облыстық бюджеттен тұрақты қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілді. Бүгінгі таңда қажетті ветеринариялық препараттар жеткізіліп алдын ала егу жұмыстары жүргізілуде»,-деді басқарма басшысы.
Қазірде істің мән-жайын анықтау үшін басқарма тарапынан облыстың эпизоотиялық картасы жаңартылған. Соның нәтижесінде облыс көлемінде аса қауіпті аурулар тіркелмей, эпизоотиялық тұрақтылық сақталып отыр.
Айта кету керек, ветеринариялық-санитариялық сараптау зертханалары арқылы 6 айда 6411 МІҚ, 1074 уақ мал, 1295 жылқы, 155 түйе, 52 шошқа ұшасы, 70933 партия балық сараптаудан өткізіліп, тұтынушыларға сатуға рұқсат етілген.