Сыр жастары жаңа мобильді қосымшалар ойлап тапты
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылордада Smart Сity бағытында жаңа мобильді қосымшалар іске қосылды. Жас ІТ саласының өкілдері Guide Way деп аталатын жаңа бағдарламаны ойлап тапқан. Бағдарлама смартфондағы play market арқылы жүктеледі. Мобильді қосымша халықтың өмір сапасын арттыру және уақытты үнемдеу үшін қолға алынған.
Жоба авторы Юрий Кожушный негізгі идея Қызылорда қаласының тегін анықтамалығын құрудан басталғанын жеткізді. Мобильді қосымша қоғамдық көліктердің бағыттарына сәйкес аялдамалардың атауларын тауып бере алады. Сонымен бірге қаланың геокартасы арқылы кез келген көшелерді таба алады.
Smart Сity аясында іске асқан тағы бір жоба «Ақылды кәрзеңке» деп аталады. Супермаркеттерде сауда жасауға ыңғайлы қосымша өнімдердің штрих-код арқылы бағасын білуге мүмкіндік береді.
«Менің жобам адамдардың уақытын тиімді пайдалану әрі қаржылық сауаттылықты арттыруды көздейді. Мәселен, сіз 10 мың теңгеге сауда жасауға келсеңіз, ақылды кәрзеңке 10 мың теңгеден асып кетсе, ескерту жасайды», - дейді жоба иегері Қымбат Тұрсынтай.
Айта кету керек, аймақта 26 ІТ жобалар іске аспақ. Барлық жобалар халықтың өмір сапасын арттыру үшін қолға алынған.