Тоқаев браконьерлерді қатаң жазаламақ
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысында қорықшыларға жасалған шабуылдан кейін заңнаманы қайта қарауды тапсырды. Бұл туралы Президент өзінің Twitter парақшасында жазды.
"Қорықшы-инспекторлардың құқықтарын қорғау және браконьерлікке қарсы жазаны күшейту мақсатында заңнаманы қайта қарау қажет", - дейді Президент.
Мемлекет басшысы сонымен бірге шабуыл кезінде қаза тапқан қорықшының отбасына көмек көрсетілетінін атап өтті.
"Қорықшы-инспекторлар Қаныш Нұртазинов пен Самат Оспанов мемлекетіміздің табиғи байлығын қорғау жолында ержүректілік көрсетті. Олардың ерлігін мақтан тұтамыз. Қ.Нұртазиновтің отбасына көмек көрсетіледі. Оның есімі мәңгі жадымызда сақталады. Иманды болсын!", - деді президент.
Еске сала кетейік, 23 шілдеде Ақмола облысы Бірсуат ауылында төрт қорықшы ақбөкендерді қорғау мақсатында өңірді көлікпен шолуға шыққан. Қазіргі таңда қылмыс жасады деген күдікпен Арқалық тұрғыны ұсталды.