Қызылордада 50 мың адам жауапкершілікке тартылды
Қызылорда облысында жол-көлік оқиғаларын реттеу және алдын алу бағытында ұйымдастырушылық шаралар қолға алынуда. Бүгін өңірлік коммуникациялар орталығында жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Бауыржан Ибраев 6 ай ішіндегі жол-көлік оқиғаларына қатысты ақпараттармен бөлісті.
Полиция полковнигі облыс көлемінде тіркелген жол-көлік жағдайларына талдау жасай келе, жол апатына тікелей әсерін тигізетін негізгі фактор жүргізушілердің салғырттығы және жолда жүру ережелерін сақтамаудан туындайтынын жеткізді.
«Есепті мерзімде жол қозғалыс ережесін бұзушылықтар бойынша барлығы 50 мыңнан астам құқық бұзушылықтар анықталып, 234 млн.теңгеге жуық айыппұлдар салынып, 180 млн.теңге өндірілді. Олардың ішінде, жол апатына тікелей әсер ететін автокөлікті мас күйінде басқарудың 821, қарсы бағытқа шығудың 197, жылдамдықты асырудың 6932, ұялы телефонымен сөйлесудің 2329, қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін 4281 дерегі анықталып, заңды шаралар көрілген»,-деді Әміржан Өтегенов.
Брифингте полиция полковнигі 2019 жылдың 6 айында өңірдегі жол-көлік оқиғаларының саны 58 пайызға өсім алғанын мәлімдеді. Сәйкесінше, қайтыс болғандардың саны 69 пайызға, жарақат алғандардың саны 60 пайызға өсім алған.
Мұнан өзге, жаяу жүргіншілердің салғыртығы себебінен де жол-көлік оқиғалары тіркелген. 6 ай ішінде 4 мыңға жуық адамның жол жүру ережесі бұзу деректері анықталып, заңды шаралар көрілген.