Белкөлде орын алған жол көлік оқиғасының ісі нақтыланды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Биылғы жылдың 30 мамыр күні Қызылорда қаласы, Белкөл кенті, Әбдіқадыров көшесі бойында орын алған қайғылы оқиғаның ісі нақтыланды.
Айта кету керек, «Камаз» жүк көлігінің жүргізушісі 4 және 5 жастағы екі қыз баланы қағып кетіп, оқиға салдарынан екі бала да қайтыс болған.
Оқиғаның себеп-салдарын және істің жүргізілу барысына қатысты мәліметтерді Қызылорда облысы прокурорының міндетін атқарушы Талғат Әлібаев өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз жиынында мәлімдеді.
Талғат Әлібаев осы оқиғаға қатысты істің сотқа жіберілгенін және сотта қарау үшін қажетті айғақ деректердің жеткілікті екендігін атап өтті.
«Оқиғаға қатысты жүргізуші күдікті деп танылды. 1 маусым күнгі Қызылорда мамандандырылған тергеу сотымен күдікті 2 айға бұлтартпау шарасы бойынша санкцияланған болатын. Қазіргі таңда іс бойынша тиісті сараптамалар өткізілді. Барлық іске қатысты дәлелдемелер жинақталды. Іс Қызылорда қалалық екінші сотына қарауға жолданды», - дейді облысы прокурорының орынбасары.
Қызылорда облысы полиция департаментінің Тергеу басқармасы бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Әміржан Өтегенов оқиғаға қатысты істің тергеуі 2 ай мерзімінде жүргізілетіндігін жеткізді.
«Белгіленген сараптамаларды тағайындау, сот медициналық сараптамасының қорытындысын алғаннан кейін белгіленген баптар бойынша ҚР Қылмыстық-Процестік кодексінің 300-бабы бойынша зерделеуін қадағалауын жолдаймыз», - дейді полиция полковнигі.
Еске сала кетейік, күдікті деп танылған азамат 37 жастағы Алматы облысының тұрғыны ретінде танылған. Ол Қызылорда қаласындағы жеке мекемеде келісім-шарт негізінде қызмет атқарған.