Қазақстанда туберкулезге қарсы күрес қалай жүріп жатыр?
oldkaz.kyzylorda-news.kz. ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева Қазақстандағы туберкулез ауруының көрсеткіштері туралы баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, 2030 жылға қарай туберкулез эпидемиясын түбегейлі жою әлемдік қауымдастықтың күн тәртібінде тұр. Бұл - тұрақты дамудың үшінші мақсаты.
«Қазақстан 2018 жылы туберкулезбен күрес бойынша БҰҰ Бас ассамблеясының жоғары деңгейлі отырысында мақұлданған саяси декларацияның маңызын түсінеді. Елімізде туберкулезді азайту бойынша жүйелі шаралар қабылданып келеді. Бұл мақсатта заңнамалық база толық қалыптасқан. Бізде Туберкулезбен күрес бойынша кешенді жоспар бар, арнайы мамандандырылған қызмет жұмыс істейді. Еліміздің барлық өңірінде барлық деңгейде туберкулезге қарсы қызмет қолжетімді. Арнайы қызметті Ұлттық ғылыми фтизопульмонология орталығы басқарады. Бізде туберкулезге қарсы қызметті қаржыландырудың пациентке бағытталған механизмі енгізілген», - деді вице-министр АҚШ елшілігінің 50 GeneXpert аппаратын сыйға тарту рәсімінде.
Диагностиканың инновациялық тәсілдері мен емдеудің жаңа схемаларын қолдану арқылы соңғы 10 жылда Қазақстандағы туберкулез ауруы 2,2 есеге, өлім-жітім көрсеткіші 5,4 есе азайған.
«Бюджеттік қаражат есебінен туберкулезге қарсы дәрілік заттар сатып алынады. Халықаралық ұйымдардың қолдауымен препараттарды айтарлықтай төмен бағада алдық, бұл науқастарды дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Екі жарым мыңнан астам науқас бұл дәрілермен қамтылған. Туберкулез бойынша емделетін асқынбаған түрінен толық айығу - 90,1 пайыз, ал дәрінің көптеген түріне төзімді туберкулез түрі бойынша толық айығу - 78,6 пайыз. Қандай жетістікке жетсек те, дәрінің көптеген түріне төзімді туберкулез мәселесі әлі жоғары болып отыр. Науқастардың ширек бөлігі туберкулездің осы түрімен ауырады. Бұл орайда диагнозды жедел әрі нақты қою тәсілі өзекті болып қала береді», - деді Ләззат Ақтаева.
Айта кетейік, Қазақстандағы туберкулез диагностикасын жақсарту үшін АҚШ елшілігі ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне 50 GeneXpert аппаратын сыйға тартты.
GeneXpert құрылғылары ең алдымен аппарат саны аз Жамбыл, Қызылорда, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Түркістан облыстары мен Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына жеткізіледі.