Аралда жол жөндеу жұмыстары қарқын алды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Елбасы Н.Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты халыққа арнаған кезекті Жолдауы аясында Батыс-Еуропа-Батыс-Қытай транзиттік көлік дәлізі қайта жаңғырды.
Арал ауданына қарасты маңызы бар автожолдарды орташа жөндеу жұмыстары бойынша жалпы көлемі 121,8 шақырымды құрайтын 7 жоба қамтылған. Соның маңыздысы өткен жылы басталған «Самара-Шымкент-Жақсықылыш-Тоқабай-Абай» бағытындағы он бесінші және жетпіс шақырымы аралығындағы жол жөнделіп жатса, бүгінде соның жалғасы – үшінші бөлік басталғалы отыр. Бұл жұмыс аталған жолдың 70,6 шақырымы мен 98,4 шақырымы аралығындағы жолды жөндеу бойынша жүргізілмек. Осылайша жылдар бойы қордаланып келе жатқан аудандық маңызы бар автожолдың жыры осы жылдан қалмай аяқталмақ. Мұнан өзге, «Ақлақ-Қаратерең» бағытындағы 4,9 шақырымдық және «Самара-Шымкент- Бекбауыл» бағытындағы алғашқы 1,2 шақырымдық жолды орташа жөндеуден өткізу жұмыстары басталып кетті. Сондай-ақ Арал қаласына кіреберіс 9,3 шақырымдық жол мен «Жаңақұрылыс-Бекарыстан би» бағытындағы 23 шақырымдық жол осы жылдан қалмай орташа жөндеуден өткізілмек.
Аудандық маңызға ие тағы да бірнеше шақырымдық жолдарды ағымдағы жөндеуден өткізу бойынша да біршама жұмыс биыл қолға алынады. Мердігерлермен келісімшарт жасалып, жұмыстар басталуға жақын. Олардың қатарында Қамыстыбас елді мекеніне кіреберіс жол, «Самара-Шымкент-Сексеуіл», «Самара-Шымкент-Шижаға» және Сексеуіл кентінің ішкі жолдарын орташа жөндеуден өткізу жұмыстары бар. Айтпақшы, Арал қаласы бойынша да қалаішілік Қызылорда, Жетес би және Байқоңыр көшелері де биылдан қалмайды. Жыл соңына дейін бұл жұмыстар атқарылатын болады.