Кредит алушының әлеуметтік мәртебесі есепке алынатын болады
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Кредит беру кезіндегі банктердің меншік капиталына қойылатын талаптар күшейеді, деп хабарлайды Inbusiness.kz.
Ерболат Досаев Ұлттық банк бекіткен, кепілсіз тұтынушылық кредиттер бойынша есептелген айыппұлдар мен өсімпұлдарды биылғы жылғы 30 шілдеге дейін есептен шығару механизміне сәйкес банктер мен микроқаржы ұйымдары есептелген тұрақсыздық айыбы бойынша берешекті кешіруді жүзеге асыратынын хабарлады.
Банктер, микроқаржы ұйымдары және Проблемалық кредиттер қоры (бұдан әрі – ПКҚ) арасында есептен шығарылған айыппұлдар мен өсімпұлдардың бір бөлігін өтеу туралы келісім жасалған соң 20 тамызға дейін ПКҚ банктерге және микроқаржы ұйымдарына айыппұлдар мен өсімпұлдар бойынша кешірілген берешектің 30%-ын өтейді.
«Осыдан кейін, Ұлттық банк есептелген айыппұлдар мен өсімпұлдарды кешіру бойынша банктер мен микроқаржы ұйымдары жүргізген рәсімдерді тексереді. Жүйелік проблемаларды және болашақта азаматтардың берешегінің бақылаусыз өсуін шектеу мақсатында осы жылдың соңына дейін Ұлттық банк кредиттеу субъектілерін, оның ішінде онлайн-кредиторларды, кредиттік серіктестіктерді және ломбардтарды реттеу мәселелері бойынша қажетті нормативтік-құқықтық актілер қабылдайды», – деп түсіндірді Ұлттық банк төрағасы.
Ол банктер мен банктік қызмет туралы заңға және микроқаржылық ұйымдар туралы заңға 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар қарыздарға тұрақсыздық айыбын, комиссияларды және өзге де төлемдер есептеуге тыйым белгілеу бойынша түзетулер енгізілетінін айтты. Бұл түзетулерді Ұлттық банк парламенттің қарауына биылғы жылғы қыркүйекте енгізеді.
«Азаматтардың борыштық жүктемесінің коэффициентін есептеуде қарыз беру кезінде қарыз алушының барлық міндеттемелері, оның төлем қабілеттілігі және әлеуметтік мәртебесі есепке алынатын болады. Мәселен, борыштық жүктеме коэффициентінің шекті мөлшерін есептеу кезінде отбасының кәмелеттік жасқа толмаған әрбір мүшесіне тиесілі ең төменгі күнкөріс мөлшері шегерілетін болады. Пруденциялық реттеу шеңберінде кепілсіз тұтынушылық кредиттер беру кезіндегі банктердің меншік капиталына қойылатын талаптар күшейеді. Бұл шектен тыс кредит беру саясатының алдын алуға бағытталған», – деді Ерболат Досаев.