Тоқаев Байқоңырдың Қазақстан үшін маңызын атады
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Байқоңыр – Қазақстанның шын мәнінде ғарыштық мемлекет екенінің куәсі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «31арнада» көрсетілген «Президент 2.0» деректі фильмінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біріншіден, Байқоңыр арқылы Ресеймен тығыз байланыстамыз. Мәскеуде, Кремльдегі таяуда өткен келіссөздер барысында бұл тақырып қозғалды. В.Путин екі ел арасындағы бұл серіктестікке жақсы қарайды. Соған орай тапсырмалар береді. Осы келіссөздердің нәтижесінде мен «Роскосмос» басшысы Дмитрий Рогозинді қабылдадым», - деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті екі елдің арасында болашақта жүзеге асырылатын үлкен жоспарлары бар екендігін атап өтті.
«Байқоңыр – Қазақстанның шын мәнінде ғарыштық держава немесе ғарыштық мемлекет екенінің куәсі», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті бүкіл әлем бойынша жер астында болсын, үстінде болсын бір полигонда 450-ден астам жарылыстың болмағандығын атап өтеді.
«Ең бастысы жергілікті тұрғындарға жарылыс туралы, қандай да бір шара қолдану туралы ескерту жасалмаған. Жерді дезактивация жасамаған. Бұл ядролық жарылыстардың зардабы әлі күнге дейін сезіліп келеді. Сондықтан Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Совет одағының тұсында-ақ өз Жарлығымен бұл полигонды жабу туралы шешім қабылдаған. Содан бері БҰҰ Бас ассамблеясының шешімімен 29 тамыз әлем бойынша ядролық қаруды сынауға тыйым салу күні ретінде аталып өтіледі», - деді Мемлекет басшысы.