21 шілде: Атаулы күндер
1917 жылы Орынбор қаласында I жалпықазақ съезі өтіп, онда қазақ интеллигенциясының өкілдері «Алаш» партиясын құру туралы шешім шығарды.
1958 жылы Қазақ симфониялық оркестрі құрылды.
1971 жылы Қазақ КСР-нің Жер кодексі қабылданды.
1993 жылы Вильнюсте Қазақстан мен Литва Үкіметтері еркін сауда туралы, халықаралық жолаушылар және жүк тасымалы туралы, әуе қатынасы туралы, темір жол көлігі саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойды.
1994 жылы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев қол қойған «Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттығы туралы» Заң баспасөзде жарияланды.
1995 жылы Бішкек қаласында «Манас» эпосының 1000 жылдығына және ұлы Абайдың 150 жылдығына орай халықаралық ақындар айтысы және манасшылар конкурсы басталды.
2006 жылы «Қазпошта» АҚ республика ішілік пошталық айналымға жаңа марка шығарды.
Жаңа шығарылым танымал геолог-ғалым, Қазақстандағы геомеханиканың негізін салушы, ҚР ҰҒА мүшесі, профессор Ақжан Машанидің 100 жылдығына арналған. Екінші Аристотель атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің ғылыми мұрасын зерттеуге барлық саналы ғұмырын арнаған ол - геология және кен істері бойынша жарық көрген бірқатар оқу құралдарының авторы. 4 бояулы офсеттік тәсілмен басылған марка 50 мың дана таралыммен шыққан.
2007 жылы Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институтының бір топ қызметкері Тараздағы қазба жұмыстарын өткізген кезде, қала ортасында орналасқан Қарахан кесенесінің маңынан мешіт қалдықтарын тапты.
2010 жылы Қазақстан делегациясы Моңғолияның Баян Өлгей аймақтық (округ) әкімшілігінің шақыруымен аймақтың 70 жылдығын тойлауға қатысты.
2011 жылы Қазақстанда неке қиюға өтініш берудің электрондық қызметі енгізілді. Бұл алғаш рет отбасы құрайын деп отырған және электрондық цифрлық қолтаңбасы бар Қазақстан Республикасының азаматтарына қатысты.
2011 жылы Нұр-Сұлтан қаламаңындағы аймағына 81 елді мекен қосылды.
2011 жылы Вашингтонда қазақстандық-америкалық консулдық консультациялардың бірінші отырысы өтті. Онда халықты құжаттандыру және тіркеу, азаматтық және көші-қон, шекараны қорғауда озық технологияларды пайдалану, бала асырап алу, лаңкестікпен күрес саласындағы ынтымақтастық сияқты басқа да мәселелер талқыланды.
2012 жылы Баянауыл ұлттық табиғи паркіндегі Жасыбай таулы көлінде «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалі ашылды.
2016 жылы «National Geographic Ресей» журналы РФ-дағы ҚР Елшілігімен бірлесіп, Мәскеу тұрғындары мен қонақтарының назарына «Қазақстан - Ұлы дала елі» фотокөрмесін ұсынды.