Мөрәлі Шәменов ауылында жаңа мектеп бой көтереді
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Жалағаш ауданы, Мөрәлі Шәменов ауылындағы білім ошағының апатты жағдайда екенін осыған дейінгі аудан әкімінің есебінде жергілікті тұрғындар өңір басшысының назарына салған еді. Тіпті бұл мәселе тәуелсіз телеарна тілшілерінің де қаламына арқау болды. Ауыл мектебінің қазіргі ахуалына байланысты аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев та алаңдаушылық білдіретінін жеткізіп, жуық арада тиісті жұмыстар жүзеге асатынын айтқан болатын. Көп ұзамай аталған елді мекенде жаңа білім ошағы бой көтеретін болған. Қазіргі таңда жаңа нысанның құрылысы басталып та кетті.
Мектеп құрылысының жұмысына тапсырыс беруші – облыстық құрылыс сәулет және қала құрылысы басқармасы. Ал бас жобалаушы – «Проект сервис» ЖШС. Бас мердігер «Интегрострой» ЖШС мектеп құрылысын келер жылы аяқтап, ел игілігіне беруді көздеп отыр. Мамыр айында басталған құрылыстың жалпы құны – 689 млн 427 мың теңге.
Бұл ауданда білім саласына жасалып жатқан бір ғана жағдай емес. Саланың серпін алуына дем беретін қарқынды қолдауды ұстаздар мен оқушылар да жақсы біледі. Бір қуанарлығы, бұл жұмыстар жемісін беріп жатыр. Мәселен, Жалағаш ауданының түлектері ҰБТ-ны соңғы 4-5 жылда үлкен жетістікпен қорытындылап келеді. Биыл да бұл дәстүр өз сабақтастығын үзген жоқ.
Қарымды қаламгер атындағы ауылдағы білім ошағының бой көтеруі жергілікті тұрғындардың да көз қуанышына айналды. Тіпті мектеп ұжымы да жаңа нысанда білім алу оқушыларға қолайлы екенін айтады.
«Жалпы бұл өңір дарынды жастарға толы киелі мекен. Ал жаңа нысанның бой көтеріп жатқанын соларға көрсетіліп жатқан қолдау деп білеміз. Бұрынғы нысан апатты жағдайда болатын. Енді біз оған алаңдамаймыз. Тұрғындар ел ағаларының назарына салды, олар соның аясында жұмысын бастап кетті. Нәтижесін көріп те жатырмыз. Бұйырса, келер жылы игілігін көреміз деген ниеттеміз. Оқушылардың білімге деген құштарлығы жаман емес. Ал жаңа нысан пайдалануға берілсе бұл да олардың қарқынына қарқын қосары сөзсіз. Үлкен қолдау барда біздегі ұстаздар да бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыруға дайын. Оқушылар да ұстаз үмітін ақтайды деген сенімдемін», – дейді Серікбай Әбсаттарұлы.
Жалпы ауданда оқушылардың білім алуына қолайлы жағдай жасау үшін мектептерді жаңалау мен сапасын арттыруға басымдық берілуде. Мәселен, осыдан 3 жыл бұрын Еңбек ауылындағы орта мектепке күрделі жөндеу жүрсе, сол уақыттан бері аудандағы бірнеше білім ошағының құрылыс сапасына кезек берілді. Қазіргі таңда ауылдық елді мекендерден бөлек кент орталығындағы №201 мектеп-лицейі ғимаратына күрделі жөңдеу жүруде. Айта кетейік, қос нысанның құрылыс жұмыстарына осыған дейін «Nur Otan» партиясының аудандық филиалы партиялық бақылау жүргізді. Партиялық бақылау барысында аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Қаншагүл Мұстафаева барынша құрылыс жұмыстарының сапасына мән беру қажеттігін ескертіп, нысандарды уақытында пайдалануға беруді назарда ұстау керектігін айтты.
Бақылау барда сапада сын болмасы анық. Ал қолдау барда саланың қарқын алатыны сөзсіз. Бастысы, шәкірттер шыңға шықса, ұстаз мәртебесі биіктей түсері анық.