20 шілде: Елде орын алған оқиғалар
1994 жылы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының «Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен ардагерлерді әлеуметтік қолдау жөніндегі қосымша шаралар туралы», «Зейнеткерлер мен тұрмысы төмен отбасыларды әлеуметтік қорғау жөніндегі аймақтық қайырымдылық қорларын ұйымдастыру туралы» Жарлықтары жарияланды.
1995 жылы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы» заң күші бар Жарлыққа қол қойды.
1995 жылы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев «Бағалы металдар мен асыл тастарға байланысты қатынастарды мемлекеттік реттеу туралы» заң күші бар Жарлыққа қол қойды.
2005 жылы Нұр-Сұлтанның Конгресс-Холлында Еуропарламент депутаты Струан Стивенсонның Семей ядролық сынақ полигонының қайғы-қасіретін бейнелейтін «Мәңгілік қасірет» атты фотокөрмесі болып өтті.
Бірнеше жыл бұрын С.Стивенсон Семей өңіріне барып, 1000-нан астам фотосурет түсірген болатын, онда адамзатқа қастандық болып саналатын сынақтың бүкіл қорқынышы көрсетілген. С.Стивенсон Семей полигонының мәселесіне көңіл бөлгені үшін «Семей қаласының құрметі азаматы» атағына ие болған. Сонымен қатар, С.Стивенсон кеңес ядролық сынақ қаруының құрбандары туралы жазған мақалаларының қаламақыларына Семей қаласындағы онкология орталығына медициналық жабдық сатып алып беріп, Семей өңірінің тұрғындарына заттай көмек көрсеткен.
2006 жылы Алматыдағы «Қазақстан» кинотеатрында «Таңсәрі» балалар театрының «Қазақстан балаларының соғыс ардагерлеріне ілтипаты» атты деректі фильмі таныстырылды.
2009 жылы Қостанайда «Қазақтың дәстүрлі сот жүйесі» кітабының және «Торғай мен Тобылдың билері» фильмінің таныстырылымы өтті. Бұл шығармалар «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жасалды.
2010 жылы Алматы қаласының Алатау ауданында аудандық сот пен прокуратураның жаңа ғимаратының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
2011 жылы Нұр-Сұлтанда ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы музейінде «Корольдік ойын» көрмесі ашылды.
2014 жылы Бейжіңде алғаш рет домбыра курсы ашылды. Сабақты аптасына үш рет, 2 сағаттан қандасымыз Мұрал Бимұратұлы жүргізеді. Үш топта 50 шақты адам бар, бірінші топта - тек қазақтар, екіншісінде - қытайлықтар, үшінші топ - аралас.
2016 жылы Қазақстанда data.egov.kz ашық деректер порталы жұмыс істей бастады.
2018 жылы Халықаралық бағыттағы жолаушы тасымалын жетілдіру мақсатында «Қызылорда – Ташкент – Қызылорда» тұрақты маршруты ашылды.