Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі не үшін құрылды?
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі жастармен де жұмысты күшейтуі керек. Сарапшылардың пікірі бұл, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бүгінде жас буын барлық саяси үдерістердің локомотивіне айналды. Жалпы кеңестің міндеті қандай?
Ұлттық кеңестің арқалайтын жүгі ауыр. Президенттің өзі төрағалық етеді.
Құрылымның негізгі міндеті – тұжырымдама, мемлекеттік бағдарлама һәм нормативтік құқықтық актілердің жобаларына қоғамдық сараптама жүргізу. Бұл – бір. Жұртшылықтың және азаматтық қоғамның пікірін ескере отырып, маңызды стратегиялық проблемаларды қарау. Мұны екі деңіз. Үшіншіден, – жұртшылықтың, саяси партиялардың, үкіметтік емес сектордың және мемлекеттік органдардың өкілдері арасында сындарлы диалогты қамтамасыз ету. Төртінші міндеті – өзінің құзыреті шегінде заңнамаға қайшы келмейтін өзге де қызметтерді жүзеге асыру. Бұл өзгеше құрылым болмақ. Ең бастысы...
«Үлкен мінберлерде айтылатын мәселе сол жерде шешіледі деп жатыр. Сол ғой керегі. Ол кеңес Мәжілісті немесе Үкіметті, әкімнің жұмысын қайталамайды»,- деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытгүл Хаменова.
Ұлттық кеңестің жұмыс органы Президент әкімшілігінің тиісті құрылымдық бөлімшесі болады. Аталған орган ұлттық кеңес қызметіне ақпараттық-талдау жүргізеді. Жүктелген міндеттерді орындау үшін қажетті ақпарат, құжат яки материалдарды мемлекеттік органдар мен ұйымдардан сұратады, алады. Бұдан соң жұмыс топтарының қызметін үйлестіруді жүзеге асырады. Ұлттық кеңес қабылдаған шешімдердің орындалу барысын бақылайды. Ұлттық кеңестің қызметін қамтамасыз ету үшін қажетті өзге де өкілеттіктерді қамтамасыз етеді.
«Мемлекет басшысы түйткілді мәселелерді қоғам алдына шығарып, бірлесе шешуге шақырғандығы еліміздің жаңа деңгейге көтерілгендігін айқындайды. Бюджеттік ысырапшылдыққа жол бермей, жылдағыдай қыруар қаржыны банктерді сауықтыруға емес, мұғалімдердің жалақысын арттыруға жіберу керек деген секілді өзекті мәселелер осы кеңесте шешімін табады деп сенемін»,- дейді ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Рахым Ошақбаев.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі жаңа жұмыс орындарын құруға арналған жобалардың орындалуына да үлес қоспақ. Кеңес тағы қандай мәселелерді көтере алады?
«Кеңес қандай мәселелерді көтере алады? Ол мәселелерді қалай шешеді? Халыққа қалай жеткізеді? Бұның бәрі үлкен жұмыс. Осы жерде біздің, «Байтақ болашақ» экологиялық альянсының барлық аймақта өзіміздің филиалдарымыз бар, құқық қорғаушыларымыз бар. Өзіміздің мамандарымыз бар. Осылардың барлығын осы бағытқа қосамыз. Нақты қоғамдағы үлкен маңызды мәселені көтеріп, оны шешу жолын ұсынамыз»,- дейді «Байтақ болашақ» экологиялық альянсы ҚБ төрағасы Азаматхан Әміртай.
Диалог алаңы қазіргі қоғамға қажет. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру – үлкен шаруа. «Бұл алдымен мемлекетке емес, халыққа қажет», – дейді сарапшылар. Кеңес арқылы билік пен бұқара арасындағы байланыс беки түспек.