Аралда 7 мыңнан астам адам тұрақты жұмыс тапқан
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Аралда өз ісін ашып, ауыл тұрғындарына жұмыс көзін ұсынған кәсіпкерлер көбеюде. Өз кәсібін дөңгелетіп, іс бастаған кәсіпкерлік субъектілерінің саны бүгінде 4206-ға жетті. Оның 3665-ы тұрақты іс жүргізуде. Соның нәтижесінде ауданда 7547 адам тұрақты жұмыс тапқан. Бұл өз кезегінде аудандағы белсенді халық санын арттыруда.
Кәсібін ширатқан аралдық кәсіпкерлердің басым бөлігі «Бизнестің жол картасы», «Агробизнес», «Бизнес бастау» бағдарламалары арқылы бизнесін дамытты. Мәселен, ауданда соңғы кезде 3 бірдей кәсіпкерлік нысан ауыл тұрғындарына қызмет етуде. Жеке кәсіпкер Гүлмира Наурызова мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 14 миллион теңге несие алып, фитнес орталық ашқан. «Айбар» деп аталатын жаңа фитнес орталықта күніне 30-40 адам спортпен айналыса алады.
Мұнан өзге, Аралда «Нұр» қонақ үйі, «Ай-Жұлдыз» жол бойы қызмет көрсету сервистері жергілікті тұрғындарға қызмет көрсетуде. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында несие алған қос кәсіпкер өз бизнесін жандандырып отыр. «Ай-Жұлдыз» қызмет көрсету кешені ашылғалы бері кәсіпкер 50 адамға жұмыс көзін тауып берген.
«Негізгі жоба құны 200 миллион теңгені құрайды. Мемлекеттік бағдарлама бойынша 60 млн теңге несие алып, кешен жұмысын бастап кеттім. Кешенде қонақ үй, май құю бекеті, монша, азық-түлік дүкені, қымызхана орналасқан. Кәсібім алға басып келеді», - дейді кәсіпкер Берік Жандаулетов.
Еске сала кетейік, жыл соңына дейін қосымша 13 нысанның ашылмақ. Бұл өз кезегінде қосымша 121 адамның жұмыс табуына мүмкіндік бермек.