Қазақстандағы алғашқы попкорн Қазалыда шығарылады
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Отандық попкорн өнімі Қазалы ауданында өндіріледі.
Ауданға қарасты Бірлік ауылында жоғары сападағы попкорн өндіріледі. Жаңа тауарға кәсіп иесі «Томпи» деген атау берген.
Ел тұрғындарына Қазалы кәмпиті, «Дәмді» сүтімен танылған Қазалы ауданы енді дәмі тіл үйірер попкорн арқылы тұрғындар сұранысына қызмет етпек. Бүгінде Қазалы, Арал, Байқоңыр және Қызылорда қаласынан попкорн өніміне сұраныс жоғары. Ерекше кәсіпті бастаған Гүлсая Құтжанова попкорн шығару идеясы кинотеатр алаңында іске асты дейді.
«Мен «Бизнес Бастау» бағдарламасының оқыту курсынан өтіп, аймақтық инвестициялық орталығынан несие алып, кәсібімді бастадым. Несие қаражатына Ресейден 3 құрылғы әкеліп, жұмысты бастап кеттім. Қазірдің өзінде үш бірдей қызмет цех жұмысын жандандыруға атсалысып жатыр.
Попкорнның нарықтағы құны да қымбат емес. Бар болғаны 80 теңге. Кәсіпорын қазірдің өзінде 20 мың попкорн өнімін өндіреді», - дейді кәсіпкер.
Гүлсая Құтжанова алдағы уақытта қораптағы жүгері шығаруға ниетті.
«Томпи» попкорн өнімін брендке айналдырғым келеді. Өнімнің қаптамасында тақия киген смайлик бейнесі тұр. Яғни отандық өнім екендігін білдіру мақсатында осылай жасадық. Попкорнды халыққа кеңірек таныстыру үшін сауда орталықтарымен келісімге келуді жоспарладық. Халық жиі баратын «Магнум» сауда орталығында попкорн сатылмайды екен. Сондықтан біздің өнімімізді ірі сауда нүктелеріне шығару ісін қолға алдық, - дейді ол.