Өңірлердің экономикалық еркіндігі арттыру дер кезінде қолға алынбақ - Жандос Базартай
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Алдағы уақытта елімізде өңірлердің экономикалық еркіндігі артады. Бұл аймақтардың дамуына оң серпіліс алып келеді. Бұл жөнінде Қызылорда облыстық «Азаматтық альянс» қауымдастығының төрағасы Жандос Базартай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлердің экономикалық еркіндігі артатынына тоқталып өтті. Бұл орайда шағын және орта бизнестің корпоративті табыс салығын жергілікті бюджетке төлеуге заңнамалық негіз қалыптастыру қажеттілігі айтылды. Мемлекет басшысының аталмыш пікірі өте орынды деп санаймын. Бүгінде елімізде кәсіпкерлік саласының дамуына барынша қолдау жасалып келеді. Нәтижесінде Сыр өңірінде де аталмыш салада оң өзгерістер қалыптасты. Былтыр облыс кәсіпкерлікті дамыту жөнінен үздік аймақ саналды. Сондықтан алдағы уақытта бұл бағытта біздің өңірде өрелі істер жүзеге асады деген сенімдемін. Мемлекет басшысы өңірлердің экономикалық еркіндігі артуы нәтижесінде жергілікті жерлерде жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағытында қосымша ынталандыру шаралары жасалатынына тоқталды», - деді Жандос Базартай.
Оның айтуынша, Үкіметтің кеңейтілген отырысында бүгінгі күнгі көптеген өзекті мәселелер сараланған. Солардың бірі - тұрғын үй мәселесі. Бұл орайда Қызылорда облысында соңғы жылдарда оң өзгерістер көрініс беріп отыр. Өңірде тұрғын үй мәселесін шешу мақсатында «Қызылорда облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2019-2022 жылдарға арналған кешенді жоспары» әзірленген. Алдағы 4 жылда аймақта аумағы 208,9 мың шаршы метрді құрайтын 3 510 пәтер пайдалануға берілмек.
«Үкіметтің кеңейтілген отырысында бүгінгі күннің өзекті көптеген проблемалары таразыланды. Олардың барлығы - халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында қолға алынып отырған игі шаралар», - деді Жандос Базартай.
Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздің алдағы дамуындағы көптеген мәселелер көтерілген болатын.