Қызылордалық жас өрендерге адалдық қағидалары түсіндірілуде
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында «Парасаттылық мектептері» жұмысын бастады.
Аталған мектептерде аға буын өкілдері өскелең ұрпаққа адалдық және парасаттылық қағидаларын түсіндіруде.
Осы мақсатта Мемлекеттік басқару академиясының филиалы мен облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті өкілдерінен құралған спикерлер тобы балалардың жазғы тынығу лагерлерін аралауда.
«Парасаттылық мектебінің спикерлер тобы өз жұмысын Жаңақорған ауданындағы «Талды су» лагерінен бастап, 240 оқушыға әділеттік пен адалдық құндылықтары туралы лекциялар оқыды.Лекциялар барысында «Адалдық - жетістікке жетудің кілті», «Адалдық - отбасыдан басталады», «Адал еңбек ету – ертеңгі күнге деген сенімділік» тақырыптары қамтылды. Алдағы уақытта, аймақтағы 10 тынығу лагерін аралап, балғындарды парасаттылық қағидаларына баулитын боламыз», - дейді департаменттің басқарма басшысы Бағдат Ізкенов.
«Парасаттылық мектептері» облыстағы 3 жоғары оқу орны мен 27 колледжде жалғасын табады.