Қыркүйекте «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауы өтеді
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Биылғы жылдың қыркүйек айында «Qazaq Epos» республикалық ағарту жобасы аясында «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауы өткізіледі.
Бұл туралы «Сыр Медиа» ЖШС өткен баспасөз мәслихатында жобаның ресми өкілі Серік Сейітман айтып өтті.
«Тұлпар мініп, ту алған!» байқауы өткен жылы да ұйымдастырылған болатын. Өткен жылы мектеп оқушылары «Алпамыс батыр» жырын жатқа оқыса, биыл байқауға қатысушылар «Қобыланды батыр» жырын жаттауда. Биылғы байқауға қатысуға республика бойынша 5500-ден астам мектептен 52 мыңға жуық оқушы өтініш қалдырды. Сонымен қатар оқушыларды байқауға баптауға 23 мыңнан астам мұғалім жұмылдырылды», - дейді Серік Сейітман.
Ресми өкілдің айтуынша, байқауға 6-10 сынып аралығындағы мектеп оқушылары қатысады.
«Бұл байқау көктемде басталып, жаз айларында қорытындылану керек еді. Алайда белгілі себептермен және ата-аналар мен мұғалімдердің өтінішімен байқаудың іріктеу кезеңі қыркүйек айына шегерілді. Сол себепті 2018-2019 жылында тізімге алынған оқушылардың ешқайсысының меселін қайтармаймыз, бәрінің қатысуына мүмкіндігі бар. Яғни 10 сынып оқушылар 11-ге көшкенімен, 9 сынып оқушылары колледжге оқуға түссе де сайыстан шеттетілмейді. Сондай-ақ 5-сыныптан 6-сыныпқа оқушылар арасында «Қобыланды батыр» жырын жаттауға ықылас қойғандар болса, оларды да байқауға қатыстырамыз. Ол үшін жергілікті жердің білім бөлімінің мамандарына және жобаның Қызылорда облысындағы штабы өкілдеріне өтінім бере алады», - деді Серік Сейітман.
Бұл байқау рухани қазынамызды насихаттап, жасөспірімдерді отансүйгіштікке тәрбиелейді.
«Байқаудың мақсаты – өскелең ұрпақты халық поэзиясына, қазақ халқының рухани асыл мұрасына деген сүйіспеншілікке және патриотизмге тәрбиелеу, елдік пен ерлік рухын, намысшылдық, қайсарлық қасиеттерге баулу», - дейді Серік Сейітман.
Жоба 3 кезеңнен тұрады. Бірінші кезең аудандық және қалалық, екінші кезең облыстық және үшінші кезең республикалық, ол Нұр-Сұлтан қаласында өткізілетін болады. Ақтық кезең «Қазақстан» Ұлттық арнасынан тікелей эфирден көрсетіледі деп жоспарлануда.
Жалпы, «Қобыланды батыр» жырының 29 нұсқасы бар. Байқауға қатысушылар жырдың «Марабай жырау» нұсқасын жатқа айтуы тиіс. Байқау шарты бойынша оқушылар жырды жатқа айтып қана қоймай, оның ішіндегі көнерген, тарихи сөздердің мағынасын ашып, қазақ тілі мен әдебиеті оқулығы бойынша әзірленген сұрақтарға жауап береді.
«Жақын арада «Қобыланды батыр» жырының Марабай жырау нұсқасы кітап ретінде шығарылып, оқушыларға таратылатын болады. Сонымен қатар байқауды қолдау ретінде әлеуметтік желілерде отбасылық эстафета да ұйымдастырылып жатыр», - дейді байқаудың ресми өкілі.
Баспасөз мәслихаты барысында жобаның Қызылорда облысы бойынша жетекшісі Дәурен Омаров аймақтағы байқауға дайындық жұмыстары жайында айтып өтті.
«Қазіргі таңда аймақ бойынша байқауға қатысуға 3 мыңға жуық оқушы өтінім берді. Екі оқушыға бір мұғалім жетекшілік етеді. Байқауға дайындық жұмыстары қызу жүргізіліп келеді», - дейді Дәурен Омаров.