Ұлттық кеңес әлеуметтік мәселелерді назарда ұстайды – Мұрат Әбенов
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қоғам қайраткері Мұрат Әбенов Ұлттық қоғамдық кеңестің жұмысы саяси мәселелермен ғана шектелмеу керек деген пікірде. Бұл туралы ол орталық коммуникациялар орталығында өткен брифинг барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Кеңестің құрылуының қажеттігін бәріміз түсініп отырмыз. Жаңа ғана кеңестің құрамын қарап шықтым. Маған әр түрлі саладан, әр түрлі саяси партиялардан өкілдер бар болғаны ұнады. Менің ойымша, бұл ұйым анда-санда, 2-3 айда бір рет ресми жиын өткізетін ресми жолдан тартынып, қоғамдағы ең өзекті мәселелерді талқылайтын алаң болуы керек. Кеңестің жұмыс төңірегінде тек қана саяси мәселелер емес, әлеуметтік мәселелер де талқыланатыны ұнады. Бұл бізге мемлекеттік бағдарламаларды сараптап, талдап, ұсыныс беріп, кемшіліктер болса бірден айтып, проблеманың ушығып, күшейіп кетуіне жол бермей, дер кезінде дұрыс ұсыныстар жасауға мүмкіндік береді», - деді ол.
Қоғам қайраткері белсенді азаматтардың ой-пікірі мемлекеттік органдар тарапынан ескерілмей жатқанын айтады.
«Қазір біздің азаматтар өте белсенді. Бірақ, өкінішке орай, мемлекеттің органдарының басшыларымен тікелей байланыс жасауға көбінің мүмкіндігі жоқ. Кейбір министрлік ашық, жариялы түрде жұмыс істесе, кейбір мемлекеттік органдардың басшылары жабық жұмыс жүргізеді. Менің ойымша, кеңес мүшелері ел алдындағы жауапкершілігін түсіне отырып, осы кеңестің өкілеттілігін пайдаланып, өз салалары бойынша көптеген күрделі мәселелердің тиімді шешілуіне атсалысуы керек», - дейді ол.
Мұрат Әбенов қазір көптеген өзекті мәселелер тек әлеуметтік желі алаңында ғана айтылып келе жатқанын да тілге тиек етті.
«Көп азаматтар мәселелерін қайда айтарын білмей, әлеуметтік желімен шектеліп жүрген еді. Мемлекеттік бағдарламалардың тиімсіздігін мемлекет басшысы да сынады. Көбінесе бағдарламаларды талқылау жабық түрде, министрлік жанында ғана өтеді. Сондықтан, оған қатысты сын әлеуметтік желі деңейінде ғана қалып келді. Қоғамдық кеңестердің жұмысында бұл қарастырылғанымен, олардың министрлік жанынан құрылғанын ұмытпау керек. Бұл кеңес тек мәселелерді талқылап қана қоймай, елдегі пікірталасты талдайтын болады», -деді қоғам қайраткері.