Аралда полицей кәріз құдығындағы суға батқан сәбиді құтқарды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы Арал ауданында тұратын полиция қызметкері Дәуренбек Жанайбеков кәріз құдығына құлаған бір жарым жастағы сәбиді құтқарып қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Лас суға түсіп кеткен сәби біраз есін жоғалтып алған секілді. Әлсіз қолдарын ербеңдетіп қояды. Оны бірден ұстап алуға мүмкіндік болған жоқ. Құдық ішіндегі тымырсық ауа да еркін қимыл жасауға мүмкіндік берер емес. Әйтеуір бүлдіршінді лас судан шығарып сыртта тұрған адамдарға беріп үлгердім», - деді Дәуренбек.
Кәріз құдығы ішіндегі ауа оны әлсіретіп жіберді. Өзінің одан шығуға мүмкіндігі болған жоқ. Сол жерде есінен танып құлап қалды. Оны сырттағы жігіттер құдықтан шығарып алды. Одан кейін Дәуренбек ауруханада жансақтау бөлімінде ем алды. Құдықтағы судан құтқарылған балаға да дәрігерлер медициналық көмек көрсетті.