Қызылордалық әйел бұрынғы күйеуін өлтіруге тапсырыс берген
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылордалық әйел өзінің бұрынғы күйеуін өлтіруге тапсырыс берген.
Ол бұл іске Түркістан облысының тұрғынын жалдап, оған 20000 АҚШ долларын ұсынған. Орындаушы өз кезегінде жалған түрде өлтірген болып, 48 жастағы тапсырыс берушінің үстінен полицияға арызданды.
Тапсырыс беруші жалдаған азаматты Шымкент қаласына шығарып салу барысында Қызылорда қаласының шет аймағында оған 10000 теңге көлемінде ақша беріп, қалған соманы жұбайының мүліктерін сатып болғаннан кейін беретінін жеткізді. Сол жерде ол полицейлермен құрықталды.
Ұсталған азаматша күдікті ретінде танылып, оған қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Азаматша Қызылорда қалалық Полиция басқармасының уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынды.
Қазіргі таңда аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 24-бабының 3-бөлігінің (Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу), 99-бабының 2-бөлігінің 8-тармағымен (Адам өлтіру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.