Қызылордада Кәсіпкерлердің өңірлік кеңесіне жаңа төраға сайланды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңес отырысында кеңес мүшелері жаңа төрағаны сайлады. Бұған дейін Кеңес төрағасы болған Кенжебаев Темірхан Бердалыұлының өзге лауазымды қызметке ауысуына байланысты төрағалық өкілеттілігі өз өтініші бойынша тоқтатылып, ол Кеңес құрамында мүше ретінде жұмысын жалғастыратын болды. Отырыста кеңес мүшелері Темірхан Бердалыұлына саланың дамуына қосып жүрген үлесі үшін алғысын білдірді.
Өңірлік кеңес мүшелерінің көпшілік дауысымен кеңес төрағасы болып Әбизов Ділмұхамед Мнуарбекұлы сайланды.
Ділмұхамед Мнуарбекұлы 1978 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Қызылорда политехникалық колледжін «техник-технолог» мамандығы бойынша, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-ін «экономист» мамандығы бойынша бітірген.
Ділмұхамед Мнуарбекұлының кәсіпкерлік саласында жұмыс жасап жатқанына 20 жылға жуықтады. Ол 2016 жылы «DALATEX» ЖШС –ін құрып, Қызылордада алғашқы болып ерлер жейдесін тігетін фабрика ашты. 2017 жылдан бастап Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің мүшесі. 2019 жылдан бастап Қызылорда облысының жеңіл өнеркәсіп саласы кәсіпорындары Қауымдастығының төрағасы.
Ол 2016 жылы «Жылдың үздік кәсіпкері» номинациясымен, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, 2017 жылы «Атамекен» ҰКП-ның «Ісіне адалдығы үшін» ІІІ дәрежелі медалімен және т.б. марапатталып, 2018 жылы «Қазақстанның үздік тауары - 2018» республикалық көрме-байқауының жеңімпазы атанды.