Қазақстанда жол жүру ережесіне өзгеріс енгізіледі
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Республикалық маңызы бар жолдарда орташа жылдамдықты асырғандарға айыппұл салынады. ІІМ Әкімшілік полициясы жолда орташа жылдамдықты асырғаны үшін айыппұл салу бастамасын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Полиция аға инспекторы Ақтоты Боранованың айтуынша, бүгінгі заңнамада "орташа жылдамдықты асырғаны үшін айыппұл салудың" анықтамасы жоқ. Бүгінде әкімшілік полиция комитеті ондай түсінікті заңға енгізуді ұсынып отыр. Себебі көлік жүргізушілері республикалық маңызы бар жолдарда қатты жүреді. Соның салдарынан жол-көлік апаттары болып жатады.
"Қазіргі кезде қалаларда тіркеу жүйелері бар. Ал республикалық маңызы бар жолдарда ондай жүйелер аз. Оған қоса, көлік жүргізушілері ол аппараттардың тұрған жерін біледі. Оған жақындағанда жылдамдықты азайтады да, өтіп кеткеннен кейін қайтадан қатты жүреді", - деді Боранова арнайы баспасөз мәслихатында.
Инспектор орташа жылдамдықтың қалай есептелетінін де түсіндірді. Оның сөзіне қарағанда, трассаның басында және аяқ жағында бейнекамералар болады. Бірінші камера көліктің жолға шыққанын тіркесе, екіншісі келген уақытын тіркейді. Сөйтіп, автоматты түрде трассамен жүрген орташа жылдамдығын есептеп шығарады. Көлік жүргізушісі тиісті жылдамдықты асырып жіберсе, айыппұл салынады.
"Мәселен, жолдың бойында екі немесе үш камера орнатылады. Астанадан шыққан көлік Қарағанды қаласына барса, жолға шыққанда оның мемлекеттік нөмірі мен уақыты тіркеледі. Ал соңғы камераға Қарағанды қаласына кірген уақыты жазылады. Сөйтіп, уақыты мен жүрген жолы негізінде орташа жылдамдық шығарылады", - деп атап көрсетті Боранова.
Қазір республикалық маңызы бар жолдарда белгіленген жылдамдық –140 шақырым. Көлік жүргізушісі соны асыратын болса, әкімшілік құқық бұзушылық үшін жауапқа тартылды. Әкімшілік полиция аталған бастаманы әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамаға өзгеріс енгізу арқылы іске асыруды көздейді.