Латын графикасына өту дағдыларын қалыптастыру бағдарламасы әзірленіп жатыр
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында латын графикасына өту дағдыларын қалыптастыруға бағытталған бағдарлама әзірленіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жаңа тіл емлесін түсіндіретін 14 маман арнайы оқытылды. Әдістемелік, орфографиялық, терминологиялық және ақпараттық сүйемелдеу тобы өңірдегі барлық мемлекеттік мекемелер мен білім нысандарында насихат шараларын өткізді. 12 мың сырбойылық латын қарпі бойынша диктант тапсырып, біліктілігін сынады. Жергілікті басылым беттері мен әлеуметтік желілерде ұдайы үйрету сабақтары жарияланып тұрады. Қазіргі таңда аймақтағы мекемелер мен кәсіпкерлік құрылымдар атауы латын әрпімен жазылып жатыр.
«Ендігі мақсат қазақ тіліне негізделген латын графикасын үйрету. «Өрлеу» оқу-әдістемелік орталығымен бірлесіп, ортақ меморандум аясында Өрлеуден 30 мұғалім, орталық мамандарын жинап 2 күндік 60 сағаттық оқу курсын өткіздік. Ендігі кезекте тілдерді оқыту орталығы 40 сағаттық латын қарпін үйрету, оқу, жазу дағды қалыптастыратын бағдарлама жасап жатыр қазір», - дейді облыстық тілдерді дамыту орталығының бөлім басшысы Әсел Бақытова.