Медиация – дау-дамайды шешу жолы
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қазіргі әлемдік қауымдастықтағы заң саласының тәжірибесінде медиация дауларды реттейтін баламалы механизм ретінде үшінші бейтараптық позицияны ұстанып, дауласушылардың өзара еркін ымыраға келуі үшін барлық жағдайды жасайды және осының негізінде әділ шешім салтанат құрады.
Осы медиация үдерісінде медиатордың өзін бейтарап ұстайтындығын, сондай-ақ дауласушылардың еркінділік, құпиялылық пен өзара сыйластықтағы тең құқылы дәрежедегі ортақ келісімге келуінен медиация рөлінің маңызы артып отыр. Аталған талап шарттарының сақталуы нәтижесінде медиация дау-жанжалдарды шешуші ретіндегі құқықтық мәртебеге ие. Жалпы, Қазақстан Республикасында медиативтік қызметті реттейтін ҚР 2011 жылғы 28 қаңтардағы №401-IV «Медиация туралы» заңы бар. Аталған заң медиацияның дауларды (жанжалдарды) реттеуші екенін, сондай-ақ дауласушы тараптарға медиатордың (медиаторлардың) еркін жағдай жасауы нәтижесінде олардың өзара қолайлы шешім шығуына толық мүмкіндік барлығын ұғындырды.
Медиацияның өзіндік ерекшелігін жан-жақты нақтылап көрсететін Қазақстан халқы Ассамблеясы институты ресурстарын пайдалану лайықты саналады. Қазақстан халық ассамблеясы құрылымдарына медиация механизмін толық енгізгенде ғана, медиативтік ерекшеліктерді пайдалану үдерісі бойынша соттан тыс дау-жанжалдарды шешу ісі өзіндік басымдыққа ие болады.
Осы тұста атап өту керек, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен сот жүйесінде өзара ынтымақтастық бағытындағы жұмыстар жүргізілуде. Соның бастысы ретінде Қазақстан Республикасындағы медиацияны дамыту бойынша ҚХА мен ҚР Жоғарғы соты екіжақты меморандум бекітті.
Аталған құжаттың маңыздылығы ол екіжақты бірлескен іс-шаралар мен дау-жанжалдарды сотқа дейін реттеу институтының жұмысын жандандыруға өз септігін тигізеді. Осы игілікті істердің нәтижесінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын алға жылжыту мен кәсіби емес медиаторлардың рөлін күшейту мәселесі бағытындағы тренингтерді өткізу және басқа да жұмыстар жолға қойылды. Осылайша, медиацияны бұқараға кеңінен таныту арқылы оның дамуына оң ықпалын тигізуде.
Бибінұр АМАНЖАН,
Қызылорда облысының кәмелетке
толмағандардың істері жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық сотының
психолог-инспекторы